Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Нақақтан-нақақ күйіп кеттім": экс-адмирал Нұр-Сұлтанда таксимен күнелтіп жүр

"Отбасымды асыраудың басқа амалы болмаған соң, осы шаруаға иек артып отырмын", - дейді ол.

"Нақақтан-нақақ күйіп кеттім": экс-адмирал Нұр-Сұлтанда таксимен күнелтіп жүр
фото: видеодан скриншот

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Нұр-Сұлтанда такси қызметімен күнелтіп жүр. Жандарбек Жанұзақов қызметін асыра пайдаланғаны үшін салынған 30 миллион теңге айыппұлды осылай төлемек, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Экс-адмирал 5 жылға бас бостандығы шектеліп, барлық атақ-даңқынан айырылған болатын.

"Соңғы кезде индрайвермен тасып жүрмін. Міне, қараңыз, ешбір терістігі жоқ", - дейді ол.

30 жылдан астам уақыт өмірін әскери міндетке арнаған ол енді әр жолаушының қас-қабағына қарауды үйренді. Адмирал қомақты табысынан айырылып, такси қызметінің мардымсыз кірісіне мойынсұнып отырғанымен, бұл еңбекті арсынбайды.

Еске сала кетсек, әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысын қызметін асыра пайдаланып, қазына қаржысына қол сұқты деген айыппен былтыр 6 жылға абақтыға қамау үкімі шыққан. Күзде ісі қайта қаралып, жазасы біршама жұмсарды. Жанұзақовтың өзі тағылған айыппен келіскен емес.

"Жолаушыларыммен әңгіме-дүкен құрғаннан кетәрі емеспін. Әңгімелескенде бұрынғы әскери мансабым жайлы да жасырмаймын. Көбі вице-адмирал екенімді естіп, көлігіме қарап және такси қызметімен күнелтіп жүргеніме аң-таң болады. Не деймін оларға, отбасымды асыраудың басқа амалы болмаған соң, осы шаруаға иек артып отырмын. Әрине, мына жағдайыма өкпелеп қалатыным бар. Неге десеңіз, нақақтан-нақақ күйіп кеттім", - дейді Жандарбек Жанұзақов.