Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Билік енді халыққа бағынуды үйренуі керек!" - бұрынғы-бүгінгі депутаттар талабы

"...Белсенді қоғам мүшесі ретінде билікке өз пікірімізді, ұсыныстарымыз бен ойларымызды жоғарыда аталған жолдар арқылы жеткізе білсек, ашық та белсенді қоғам құра алғанымыз", - дейді Ақылбек Күрішбаев.

"Билік енді халыққа бағынуды үйренуі керек!" - бұрынғы-бүгінгі депутаттар талабы
фото: facebook.com

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев өзінің Facebook-тегі парақшасына мемлекеттік қызметкерлер мен билік өкілдерінің қарапайым халықтың қолы жетпейтін, аспандағы адамдар тәрізді болып жүретініне қынжылыс білдірді, деп хабарлады paryz.kz.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын аты әлемге белгілі Дейвистегі Калифорния университетіне іс-сапармен барғанымда, жоспарланған бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтарын көру үшін көлікпен жүруге тура келді. Жолда бізді жол сақшысы (police) тоқтатты. Көлікті жүргізіп келе жатқан америкалық ғалым-әріптесім мәселенің мән-жайын білмекке жол сақшысымен бірер минут сөйлесті. Біз абайсызда жылдамдықты асырып алыппыз. Менің: "Бізге қанша айыппұл салды?" деген сауалыма жолсерігім: "Ол бізге бас салып айыппұл салуға міндетті емес", - деді.

"Біріншіден, police – мемлекеттік қызметкер. Оның міндеті – жол қауіпсіздігін қадағалау. Екіншіден, ең негізгісі, ол біздің еңбек етіп тапқан табысымыздан түскен салыққа күн көріп отыр. Police қызметкері бізге тек жылдамдықты асырмауды және бұл өзіміз бен өзгелердің өміріне қауіпті екенін ескертті", - деді. Таң қалдым. Нағыз халыққа қызмет деген осы!" деп жазды сенатор.

Айтуынша, оларда бюджет қаражатын «халықтық ақша» деп атайды екен. Дамыған елдерде осындай көзқарас қалыптасқан.

"Ал бізде кейбір мемлекеттік қызметкерлер мен билік өкілдері қарапайым халықтың қолы жетпейтін, аспандағы адамдар тәрізді болып жүреді. Өкінішке орай, біздің қоғамда осындай әдеттер қалыптасып қалған. Неге бұлай? Біздің мемлекеттік қызметкерлеріміз жоғарыда мысал ретінде айтқан калифорниялық жол сақшысы тәрізді бола алмай ма? Әрине, бола алады. Ол үшін билік өкілдері халықпен санасып, халықтың сөзіне құлақ түруі керек. Уақыт жетті.

Осы тұста менің азаматтарымызға айтқым келетіні: сіздер өз құқықтарыңызды қорғауды және заңды білулеріңіз керек. Қазір сіздердің белсенділіктеріңіз өте маңызды! Нақтырақ айтсам, халық қоғам мүшелері ретінде басқару жүйесіне араласуы керек. Қалай дейсіз бе? Мысалы, атқарушы билік ереже қабылдап, заң жобасын дайындайды. Ол заң немесе қаулы бірден қабылдана салмайды. Бекітілген тәртіп бойынша ол қоғамның, яғни халықтың талқысынан өтуі керек. Сол үшін заң жобасы жарияланады. Міне, сіздердің осындай кезде өз белсенділіктеріңізді көрсетулеріңіз өте маңызды. Сонда барып шығарылатын заң, жаңа ереже, қаулы сүзгіден өтіп, халыққа қызмет етеді", - дейді билік өкілі.

Міне, осылайша қарапайым халықтың белсенділігі, талқылау мәдениеті қалыптасқан жағдайда ғана біздің қоғамның өзгеруіне және мемлекеттік тұрғыдан жаңаруға қол жеткізе алатынымызды жоғары Палата депутатының өзі ескертіп отыр. Оның сөзіне сенсек, "мемлекет басшысы барынша ашық қоғам қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Сол үшін де түрлі деңгейде қоғамдық кеңестер мен өзін-өзі басқару жүйесін құрып, қоғамдық сараптаманы дамытып, қоғам белсенділеріне ерекше қолдау көрсетіп келеді. Бұған қатысты жаңа заңдар қабылдануда" екен. Бұл – өзгерістердің тек басы ғана көрінеді.

"Тағы да айтарым, дамыған елдерде ұжымның ішкі мәселелері сол ұжымның ішінде шешіледі. Әрбір ұжымда өзінің кеңесі болады. Ол қоғамдық, ғылыми, техникалық кеңес немесе кәсіподақ ұйымы болуы мүмкін. Міне, осындай кеңестің мүшелерін қатыстыра отырып, кез келген мәселені ұжымның сұранысын, талап-тілегін ескере отырып шешуге болады. Әркім өз ұжымының мүшесі ретінде белсенді болып, өз кәсіпорнында немесе мекемесінде басқаруға, соның ішінде бюджетті бақылауға қатысуы керек.

Бұл ретте қорқып немесе басшылыққа жалтақтаудың қажеті жоқ. Қолданыстағы заңнама қазір бұған мүмкіндік береді. Сондықтан белсенді қоғам мүшесі ретінде билікке өз пікірімізді, ұсыныстарымыз бен ойларымызды жоғарыда аталған жолдар арқылы жеткізе білсек, ашық та белсенді қоғам құра алғанымыз. Солай болуы керек, болады да!" деп отыр Ақылбек Күрішбаев.

Ал оның әріптесі, кезіндегі сенатор, қазіргі Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев: "Билік енді халыққа бағынуды үйрене бастауы керек!" - десе, Мәжілістің VI шақырылым депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі Омархан Өксікбаев жазба авторына:

"Ақылбек, бізде айыппұл - бюджет кірісінің бір көзі. Әр полицейге осынша протокол жасайсың деп жоспар да беріп қояды. Әкімшілік кодексті бір талдап шықсаң көресің, халықты тәртіпке шақыратыннан тәртіпті бұзуға итеретін айыптаулар көп. Бүгінде біздің халқымыз – "отырса опақ, тұрса сопақ". Бір кінәраты табылып тұрады. Бізде тәрбиелеу тек айыптау арқылы жүруде. Өз кезегінде бұл тәсіл заңды сақтаудың орнына заңды бұзуға және сыбайластыққа итермелейді", - деп заң шығарушы органның өкілі ретінде өз тәжірибесінде көрген-білгенін бөлісті.