Прямая трансляция

Астана

Астана

-16.03°C

"Нұр Отан" өз арасында қырқысып жатыр..." - Ермұрат Бапи

Міне, Қазақстанда "сайлау" деп аталатын афераның Өскемен жақтағы жағдайы осы.

"Нұр Отан" өз арасында қырқысып жатыр..." - Ермұрат Бапи
фото: ашық дереккөз

Журналист, қоғам белсендісі Ермұрат Бапи Facebook-тегі парақшасында сайлау біткеннен кейін "Нұр Отан" партиясының өзінің ішінде кландық қақтығыс басталғанын мәлім етті. Мәтін мағынасы түсінікті болуы үшін біз автор жазбасын толыққанды беруді жөн көрдік, деп жазды paryz.kz

"Біз мына жақта билік пен "Нұр Отанның" озбырлығына қырықпышақ болып, "сайлау" деген аты бар сорақылықты жыр қылып жатсақ, нағыз озбырлық "Нұр Отанның" өз ішінде жүріп жатқан көрінеді. Елде 30 жыл ойран салған бұл партия енді өзара кландық қырқысқа көшкен екен.

Өз партиясының парықсыз әрекетіне зығырданы қайнаған өскемендік танысым - әкімдіктің пілдей бір қызметкері телефон шалды: "Бүгін "Нұр Отан" ШҚО филиалының бюросы облыстық мәслихатқа партиялық тізім бойынша өтетін депутаттарды анықтайды. Бұл бюрода атышулы праймериздің белсенділері де, сайлауалды науқанның нақты лидерлері де сыртта қалайын деп тұр. Облыстық мәслихат депутаттарын партия бюросы емес, ШҚО әкімі Даниал Ахметов пен жергілікті кландар өзара ымыраласып, жабық есіктің ішінде "іріктеп" жатыр".

Иә, сонымен жеме-жемге келгенде, әділеттің сөзін біздің газеттен іздеген "нұротандықтар" қандай қиянатқа тап болды? Біріншіден, өскемендік танысым жолдаған рейтингке (фотокөшірме) көз салайық: мұндағы екі көрсеткіш бойынша мейілінше мол ұпай жинаған топ басында тұрғандар – билік партиясының нағыз белсенділері. Ал облыс мәслихатының депутаттығына орта жолдан қосылған "жолбикелер" мен жергілікті кландар өкілдері өткелі тұрған көрінеді.

Біздің газетке жолданған ақпаратқа қарағанда, "Досқожановтар кланы" рейтинг-мрейтингіңді ұратын түрі жоқ. Кланның серкесі – семейлік кәсіпкер Асемхан Серікханұлы Досқожановтың өзі облыстық мәслихатқа "бірінші нөмірмен" өткелі отыр. Өзімен бірге келіні Шолпан Шегедекованы да облысқа "сүйреп кіргізуді" Даниал-дөкеймен келісіп қойған. Ағасы Әсетхан Досқожановты – Семей қалалық мәслихатына депутат етуге ымыраласып қойған. Даниал мен Досқожановқа ортақ "Силикат" фирмасының директоры Ибраев пен Досқожановтың досы – Мұхит Тұмабаев, құдасы Мерей Кошкинов, туысы Ардақ Әділжанов облыстық мәслихатқа депутаттыққа "тіркеліп" қойған екен. "Ал тағы бір досы Жұмағазы Рахимғалиевті Семей қалалық мәслихатына депутат етпек ойы бар, - дейді облыстық әкімдікте әбігерге түскен әділет іздеушілер. – Қысқасы, жергілікті өкілетті билікті Досқожановтар кланы басып алғалы жатыр. Ал бұл кландық схеманы облыс әкімінің көмекшісі болған, қазір бір облыстық комитеттің бастығы болып отырған Досқожанов Әсетханның ұлы Даниал Ахметовпен бірлесіп жасап отыр".

Міне, Қазақстанда "сайлау" деп аталатын афераның Өскемен жақтағы жағдайы осы. Әлбетте, бізге жеткен ақпарат анық па, жоқ әлде жаңсақ па – ол бүгінгі бюроның қорытындысы бойынша белгілі болмақ. Егер әділет іздеушілер хабарын берсе, бюродағы былықтың жай-жапсарын алдағы бейсенбі күні шығатын газетте егжей-тегжейлі жария ете жатармыз".