Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Жәрдемақы мен зейнетақы қанша теңгеге өсті?

Елімізде биыл 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Құжаттың аясында мемлекеттік жәмдемақы мен зейнетақы өсті, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.KZ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жәрдемақы мен зейнетақы қанша теңгеге өсті?
Фото: egemen.kz

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбеков Әлеуметтік кодекске қандай өзгеріс енгізілгенін түсіндіріп берді.

Аслан Оразбеков атап өткендей, былтыр қабылданған «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес бітқатар базалық көрсеткіш ұлғайтылды. Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге ретінде бекітілді. Ал айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 450 теңге болды. Бұл көрсеткіштер жасына байланысты зейнетақы, базалық зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақылардың өсуіне негіз болып отыр.

2023 жылғы 1 шілде Әлеуметтік кодексі күшіне енді. Бұл кодекс ТМД арасындағы алғашқы құжат. Яғни әлеуметтік саланы реттейтін 17 заң біріктіріліп, бір Кодекске жиналды, - деп түсіндірді департамент басшысы.

Кодекстің мақсаты – азаматтың дүниеге келгеннен бастап зейнетке шыққаннан кейінгі өмірлік циклдерін қамту. Әлеуметтік Кодексте көп сала қамтылған.

Зейнетақы мен жәрдемақы қанша теңгеге өсті?

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әлеуметтік кодекске «наградталған аналар» деген ұғым енгізілгенін атап өтті. Оның айтуына қарағанда, бұрын мұндай ұғым болмаған.

Мысалы, аналар бұрын «күміс алқа», «алтын алқамен», сонымен қатар І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені және Кеңес одағы кезінде «Батыр ана» орденімен наградталған. Енді мұның бәріне «наградталған аналар» деген ұғым енгізіліп отыр. Оған төленетін жәрдемақы мөлшері сараланды. Бұрын «күміс алқа», «алтын алқа» алған аналар бір мөлшерде жәрдемақы алса, бүгінгі күні «алтын алқа» иегері алатын жәрдемақының мөлшері көбейді. Олар 1 шілдеден бастап ай сайын өмір бойы 25 530 теңгеден мемлекеттік жәрдемақы алады, - деп айтты ол.

Жамбыл облысында мұндай батыр ананың саны - 7 120.

«Мүмкіндігі шектеулі жанды күтіп-баққан күтуші де жәрдемақы алады»

Қылмыстық атқару жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Бас бостандығынан айырылып, түзету мекемелерінде отырған адамдардың ішіндегі І топ мүгедектеріне күтуші тағайындалады. Бұрын мұндай болмаған. Егер бас бостандығынан айыру мекемесінде отырған адамның күтушісі сол жерде болатын болса, ол адамға бірінші топ мүгедегін күтіп-баққаны үшін мемлекеттік жәрдемақы төленеді, - дейді департамент басшысы.

Оразбековтің айтуынша, ай сайын 63 313 теңге төленеді. Жамбыл облысында 3 669 күтуші осындай жәрдемақы алып отыр.

Асыраушысынан айырылғандар қанша теңге жәрдемақы алады?

Мүгедек адамдардың әл-ауқатын арттыру мақсатында мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артты. Сонымен қатар асыраушысынан айырылған жағдайы бойынша да берілетін мемлекеттік жәрдемақы көбейіп отыр. Одан бөлек 1 шілдеден бастап мүгедектігі және асыраушысынан айырылған адамдар жағдайы бойынша жәрдемақылардың мөлшері 14,5 пайызға көтерілді, - деп түсіндірді ол.

Өздеріңіз білетіндей, барлық жәрдемақының мөлшері биыл 1 қаңтардан бастап 8,5 пайызға өскен болатын. Енді шілдеден бастап тағы өсті. Яғни былтырмен салыстырғанда бүгінгі күні жәрдемақының мөлшері 23 пайызға артып отыр.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе баланы асырап алушы қамқоршыға тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар да көтерілді. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған адамдарға берілетін жәрдемақының мөлшері 1,61 күнкөріс деңгейі, яғни 63 313 теңге. Жамбыл облысында 6 332 тұрғын осындай жәрдемақы түрін алады, - деп толықтырды Аслан Оразбеков.

Мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақылардың нақты мөлшері:

- 7 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың мүгедектік тобы белгіленбейді. Сондықтан олардың барлығына 63 313 теңгеден төленеді.

- 7 жастан бастап мүгедектік топтары белгіленеді және әр топқа сәйкес төленетін жәрдемақы мөлшері бар. Мысалы, ай сайын ІІІ топқа жататын 18 жасқа дейінгі балаларға 63 313 теңге, ІІ топтағыларға 74 238 теңге және І топтағыларға 89 248 теңге жәрдемақы төленеді.

- І және ІІ топтағы бала кезінен мүгедектігі үшін де төленетін жәрдемақылардың мөлшері артып отыр. Жалпы аурудан мүгедектігі бар ересектерге арналған жәрдемақы мөлшері, мысалы, І топқа 89 248 теңге, ІІ топқа 71 мың теңге және ІІІ топқа 48 681 теңгеге дейін өсті.

Жамбыл облысында мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатындар саны 33 600-ге жуық. Облыста 45 мың мүгедектігі бар адам болса, оның ішінде 33 600-і мүгедектік бойынша жәрдемақы алады, ал қалғандары зейнеткерлер.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны алуға қайтыс болған адамның асырауындағы еңбекке жарамсыз отбасы мүшесі құқылы. Бұл әрине, бірінші кезекте балалар. Егер асыраушысы қайтыс болғаннан кейін отбасының бір ғана еңбекке жарамсыз мүшесі болса, оған берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 1,7 күнкөріс деңгейі, яғни 68 900 теңге. Егер ондай адам екеу болса, онда 91 мың теңге.

Егер ата-анасының екеуі де қайтыс болса немесе жоқ болған жағдайда балаға бір айлық жәрдемақы беріледі. Оның көлемі 1,54 күнкөріс деңгейінен басталады, яғни 62 474 теңге, отбасының қалған еңбекке жарамсыз балаларына 25 мыңнан төленеді. Бұл бұрыннан бар жәрдемақы, - дейді Еңбекминінің Жамбыл облысындағы өкілі.

Жамбыл облысында асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алатын 12 200-дей азамат бар.

Зейнетке шығу жұмысы жеңілдейді

Зейнетақыға шығу мәселесі бойынша азаматтарға бұрыннан анықтама, құжат жинау жағы қиындық туып келді. Енді Әлеуметтік Кодекске сәйкес, бүгінгі күні Еңбек министрлігі проактивті қызмет түрін ұсынып отыр. Қазір әрбір мемлекеттік орган, мемлекеттік мекемелерде бұл жұмыс пилоттық режимде жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік ұйымдардың кадр қызметі зейнет жасына жақындаған қызметкерлерінің құжаттарын жинап, hr.enbek.kz платформасына қызметкердің еңбек кітапшасы, әскери қызметі, дипломы және басқа да құжаттарын салып, зейнат жасына 10 күн қалған кезде мекеменің кадр қызметі «Е макет» бағдарламасына құжаттарын жолдайды, - деп айтты спикер.

Бұл дегеніміз азамат зейнетке шығу құжаттарын дайындау үшін өзі жүгірмейді, барлығын кадр қызметі реттейді.

Бұл пилоттық жоба 1 маусымнан бастап жүзеге асырылып жатыр. Қазір барлық мемлекеттік мекеменің персоналды басқару қызметтерімен, кадр қызметтерімен оқыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі – шет елдерден көшіп келген азаматтар, азаматтығы жоқ азаматтар немесе ел аумағында уақытша тұратын азаматтарға да зейнетақы рәсемдеу жұмыстары. Қазіргі күні бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі күні Қазақстан мен бірнеше мемлекеттік арасында келісімшарттар бар. Сонымен қатар азаматтар көп келетін Қытай, Моңғолия және Өзбекстан сияқты мемлекеттермен де осындар шарттар жасасуға дайындық жүргізіп жатырмыз, - деп сөзін толықтырды Аслан Оразбеков.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен «Отбасының цифрлы картасы» іске қосылды. Бұл Әлеуметтік Кодекстің талаптарын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Бұдан былай әлеуметтік жәрдемақы алу үшін құжаттарды жинап жүгірудің қажеті жоқ, барлығы проактивті түрде шешіледі.