Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Нұрсұлтандық тәуелсіз бақылаушы 15 тәулікке қамалды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында да полиция Қазақстанның әр аймағында ондаған адамның үйін тінтіп, кейбірін тұтқындаған.

Нұрсұлтандық тәуелсіз бақылаушы 15 тәулікке қамалды
фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан полициясы сейсенбі күні "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз бақылаушысы Ғаділбек Серікбаевты Сovid-ке тест тапсыруға барған жерінен алып кетті. Сот оны "заңсыз митинг өткізуге шақырды" деп айыптап, 15 тәулікке жапты. Бұл туралы белсенді Алма Нұрышева Veritas құқық қорғау ұйымының Facebook-тегі тобына жазды, деп хабарлады Азаттық радиосы.

Сот қаулысында Ғаділбек Серікбаевтың ӘҚБтК-нің 488-бап 7-тармағына сай ("Заңсыз шеру өткізуге шақыру") айыпталғаны, оған белсендінің Facebook-тегі парақшасында 2 қаңтар күні қалдырған жазбасы себеп болғаны жазылған. Жазбада Серікбаев 10 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы "Жастар" сарайы алдына күндізгі сағат 14.00-де "жиналуға шақырған". Ал оның өзі сотта айыбын мойындамаған.

Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша, елде бақылаушылардың Мәжіліс және мәслихат сайлауы күні, яғни 10 қаңтарда сайлау учаскесіне кіріп, бақылауға мүмкіндік алуы үшін коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін анықтамасы болуы тиіс. ПТР-тесті оң шыққан бақылаушылар сайлау учаскесіне жіберілмейді. Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы дене қызуы көтерілген сайлаушылар арнайы жабдықталған орында дауыс береді деп мәлімдеген. Ондағы дауыс беру процесін бақылау жағы әзірге бұлыңғыр.

Құқық қорғаушылар Парламент сайлауы алдында тәуелсіз бақылаушылар мен белсенділерге қысым үдегенін айтады. Елде ондаған белсенді "сотпен тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деген күдікпен қамауға алынған. Кейбірі үйқамақта отыр. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында да полиция Қазақстанның әр аймағында ондаған адамның үйін тінтіп, кейбірін тұтқындаған.

Осыған дейін белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері сайлау кезінде "жаппай фальсификацияға жол бермес үшін" түрлі амалдар ұсынған. Бірі сайлауға "белсенді бойкот" жариялауды ұсынса, бірі өздерін сайлаушылар тізімінен алып тастауды талап еткен. Кейбір белсенділер мен ұйымдар арнайы платформа арқылы сайлауды жіті қадағалайтынын айтып отыр.