2023 жылғы 20 маусым күні Германия Федералды президентімен кездесуі барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымын тағы да айқындап берді, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Біріншіден, біз БҰҰ Жарғысын қатаң сақтауымыз керек. Әрине, Біріккен Ұлттар Ұйымын әлемде теңдесі жоқ әрі әмбебап ұйым ретінде қолдауға тиіспіз.
Екіншіден, біз Қытайдың, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің барлық бейбіт бастамасын қолдауымыз қажет.
Сондықтан жақын арада Украинадағы қарулы қақтығыс тоқтайды деп үміттенеміз. Содан кейін әлемнің осы бөлігінде берік бейбіт өмір орнайтыны туралы сөз қозғай аламыз.
Қазақстанға келетін болсақ, біз осы мақсатқа қол жеткізуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Сонымен қатар біз – Ресеймен стратегиялық серіктеспіз және бірнеше ұйымның мүшесі екенімізді атап өткен жөн. Сондықтан біздің мақсатымыз – екіжақты және халықаралық ұйымдар аясында өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін Ресеймен тығыз байланысты сақтау», - деді Мемлекет басшысы.