Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"Ел сайлаған ағалар" халықтың мүддесін емес, шетелдегі банктік шоттарын ойлап әлек (ВИДЕО)

"Бұл шектеулер лауазымды тұлғалардың жұбайларына, кәмелетке толмаған балаларына қатысты бола ма? Егер жоқ болса, бұл заңның тиімділігі қайда?" - деді Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.

"Ел сайлаған ағалар" халықтың мүддесін емес, шетелдегі банктік шоттарын ойлап әлек (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Шенеуніктер мен депутаттарға шетелдік банктерден есепшот ашуға тыйым салатын заңға Президент қол қойды, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия" телеарнасына сілтеме жасап.

Аталған заң енді мемлекеттік қызметкерлерге ресми түрде шектеу болады деген сөз. Алайда, бұл өзгертуге қатысты қоғамның пікірі екіұдай.  Бірі "дұрыс болды" деп қолдау білдірсе, тағы бір тарап "атқамінерлер онсыз да ақшасын өз атында ұстамайды, әйелдерінің атына аударып қояды" деген уәж айтып жатыр.

Шенеуніктер мен депутаттарға шетел банктерінен шот ашуға шектеуді күні кеше Парламенттің қос палатасы бірінен кейін бірі талқылаған болатын. Сол кезде шенділердің өзіне ғана емес, әйелдеріне де тыйым салу керек деген ұсыныстар айтылған еді.

"Бұл шектеулер лауазымды тұлғалардың жұбайларына, кәмелетке толмаған балаларына қатысты бола ма? Егер жоқ болса, бұл заңның тиімділігі қайда? Бұл норманың квазимемлекеттік секторлардың өкілдеріне қатысы бар ма? Болмаса, неге іріктеп, таңдап шектеу енгізіледі?", - дейді Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.

Амал нешік, ескертпе айтылды да қалды. Заң бір ауыздан қабылданып кете барды. Бірақ, ел ішінде бұл өзгеріске қатысты сын-ескертпе көп. Бұл сұраққа Жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері былай жауап берді.

"Біз нарықтық қоғамда өмір сүреміз. Мемлекеттік қызметкерлердің әйелдері бизнеспен немесе басқа да нәрсемен айналысып жатады. Шетелге шығу қажеттілігі тууы мүмкін. Егер біз оларға шектеу қойып тастасақ, талап тым қатал болып кетуі мүмкін. Біз бірінші қадамды жасадық. Шенеуніктерге шетелде шот ашуға тыйым салынды. Әрі қарай тәжірибеге қарай көре жатамыз", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.

Айтты-айтпады, депутаттар мен шенеуніктердің өздеріне тыйым салынғанымен, әйелдері шетел банктерінде шот ұстап, бизнестің кез келген түрімен айналыса алады. Яғни, олардың табысының сырын тек жаппай декларациялау енгізілгенде ғана анықтауға болатын сияқты.