Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Боксшы қыз Тоқаевқа спорт қаржысының жымқырылып жатқанын айтты (ВИДЕО)

"Өз спортшыларымыз тұрғанда, біздің спортшылармен салыстырғанда екі-үш есе артық жалақы алатын легионерлердің бізге не керегі бар?" - дейді ол.

Боксшы қыз Тоқаевқа спорт қаржысының жымқырылып жатқанын айтты (ВИДЕО)
фото: prosports.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Аида Сатыбалдинова (5-2-1, 2 КО) Instagram желісіндегі жеке парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады, деп хабарлады paryz.kz.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен – Сатыбалдинова Аида, Көкшетау қаласының тумасымын. Кәсіпқой боксшымын, WBF International чемпиондық белбеу иегерімін. Соңғы 3 жылда АҚШ-та тұрып жатырмын, бірақ, сайыстарға тек Қазақстанның туын алып шығып жүрмін. Бүгін Қазақстандағы спорт мәселесін қозғағым келеді.

Мемлекетіміздің Қазақстанда спортты дамытуға қыруар қаражат бөлетінін білемін. Мен бұған өте қуаныштымын. Алайда мен бүгін өте маңызды тақырыптарды сөз етпекпін.

Біріншісі. Қазақстанның барлық аймағында, барлық қаласында барлық спорт түрі бойынша міндетті түрде тексеру жүргізу керек деп есептеймін. Қазір өнер көрсетіп жүрген спортшылардың санын анықтау керек. Себебі сол спортшыларға қаражат бөлінеді. Десек те, біріншіден, бөлінген сол қаражат оларға әрдайым жете бермейді. Екіншіден, мысалы, 40 адамға арналған жаттығу жиынын өткізуге өтініш беріледі, ал шындап келгенде бұл жиынға 25 адам қатысады. Ал қалған 15 адамға бөлінген қаражат жымқырылады.

Легионерлерге қатысты. Бұл туралы менің ойым мынадай: Өз спортшыларымыз болмаған жағдайда ғана легионерлердің көмегіне жүгіну керек. Алайда, өз спортшыларымыз тұрғанда, біздің спортшылармен салыстырғанда екі-үш есе артық жалақы алатын легионерлердің бізге не керегі бар? Қаражатты тек біздің спортшыларға жұмсап, тек өз спортшыларымызды даярлауымыз керек деп есептеймін. Сол кезде олар біздің туымызды әлемдік аренаға мақтанышпен алып шығатын болады.

Үшіншіден, қазақстандық бапкерлерге қатысты мәселені шешу керек. Бапкерлер спортшыларды қандай да бір сайыстарға немесе жаттығу жиындарына қатысты деген жалған түрде құрастырылған тізімдерге қол қоюға мәжбүрлемеуі керек. Түптеп келгенде, ешкім ешқайда бармаған, бірақ бұған бөлінген қаражат, әрине, тағы да жымқырылады", - дейді боксшы.

Сөз соңында ол осылай шындық үшін күресу арқылы әділ мемлекет қалыптастыра алатынымызға сенетіндігін жеткізді.