Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Белсенділер Мәжіліс сайлауын кейінге шегеруді талап етті

Осы орайда, Есенғазы Қуандық көктемде түзетулер енгізілген сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманың Конституцияға қайшы екенін алға тартты.

Белсенділер Мәжіліс сайлауын кейінге шегеруді талап етті
фото: дереккөз

Жаңадан құрылған "Халық билігі" қозғалысының (бастапқы атауы "Ел бірлігі") өкілдері 22 желтоқсанда билікке үндеу жолдап, 10 қаңтарға белгіленген Мәжіліс және мәслихат сайлауын кейінге шегеруді талап етті, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Сейсенбі күні Алматыда өткен баспасөз жиыны кезінде қозғалыс мүшелері "Сайлау мен саяси партиялар" туралы заңнама тек билікті сақтап қалу міндетін алған, халық мүддесіне қайшы мұндай заңнамамен өткізілген сайлаудың өзі заңсыз болады" деді.

"Бұл заңдарды түзетпейінше, сайлау әділ өтпейді", - дейді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.

Жиынға қозғалыс мүшелері: ғалым, белсенді Есенғазы Қуандық, саясаткер Балташ Тұрсымбаев, журналист Гүлжан Ерғалиева, "Демпартия" белсендісі Ырысбек Тоқтасын, белсенділер Біржан Төлеубекұлы мен Сәкен Шабдаров қатысты. Олар алдағы сайлауға бойкот жариялауды құптайтынын айтып, "кім қарсылығын қалай білдірсе де, түпкі нәтижесі бір болып шығуы тиіс" деді.

Осы орайда, Есенғазы Қуандық көктемде түзетулер енгізілген сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманың Конституцияға қайшы екенін алға тартты.

"Конституцияның 33-бабында әрбір азамат мемлекеттік билікті басқаруға қатысады деп көрсетілген. Ол сайлау, референдум және өзінің өкілдері арқылы қатысады. Ал дауыс беруге құқығы бар 12 млн азаматта өкіл бар ма? Өкіл жоқ. Ақыры еркімізден тыс сайлау учаскесіне апарып, дауыс бересің дейді. Сайлау бюллетенінде "барлығына қарсымын" деген графа жоқ. Ол да зорлық, шектеу", - деді Есенғазы Қуандық.

Билікке жолдайтын үндеулерінде белсенділер аралас сайлау жүйесін енгізуді, тәуелсіз кандидаттардың сайлауға қатысуына мүмкіндік беруді, қоғамдық ұйымдарды тіркеуді жеңілдетуді, саяси партия құру шарттарын оңайлатуды талап еткен.

Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Оған Nur Otan, "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Қазақстан заңнамасы бойынша, депутат болғысы келетін адам партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ. Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды. Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, Парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған. Былтыр өткен президент сайлауында да ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. 2019 жылы президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Құқық қорғаушылар сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды қудалап, жазықсыз жазалағанын айтқан.