Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қылмыстық іске байланысты шақыртылған Дархан Қалетаев елордаға келмей қалды

Пандемияны және Украина мен Қазақстан арасында әуе рейстері сирегенін сылтау етіп, елге келуден бас тартқан.

Қылмыстық іске байланысты шақыртылған Дархан Қалетаев елордаға келмей қалды
Фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әлдебір қылмыстық іске қатысты түсініктеме беруі үшін Украинадағы Қазақстан елшісі Дархан Қалетаевты елге шақыртқан, деп хабарлады paryz.kz, nege.kz-ке сілтеме жасап.

Алайда Қалетаев пандемияны және Украина мен Қазақстан арасында әуе рейстері сирегенін сылтау етіп, елге келуден бас тартқан. Бұдан бөлек, ол Қазақстан мен Украинадағы әлдебір күштердің арандату ұйымдастыруы мүмкін екенін, "Дипломатиялық қызмет туралы" заңды мысал етіп, "шетелде жүрген мерзімде дипломатиялық артықшылығы мен иммунитеті бар екенін" ескертіпті.

Дереккөздің мәліметі бойынша, оны "Астана" спорт клубынан ұрланған миллиардтарға байланысты түсініктеме беру үшін шақыртқан болуы әбден мүмкін.

Еске сала кетсек, Дархан Аманұлы "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы директоры болып тұрғанда аты дардай "Астана" спорт клубының қамқорлық кеңесіне де төрағалық еткен. Кейін бұл клубтан миллиардтар жымқырылғаны мәлім болды.

Сондай-ақ, Украинадағы елшілге қатысты әлеуметтік желіде де бір жазба пайда болды.

"Дархан Қалетаев телефон соқты. Ол екі күннен бері Нұр-Сұлтанда екен. Ешкімнен жасырынып жүрген жоқ. Антикордан да қашпапты. Комментарийде өзінің отбасы мүшелері туралы балағат сөздер жазбауды өтінді" деп жазды "Время" газетінің тілшісі Михаил Козачков Telegram арнасында.