Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Екібастұз ЖЭО-ға 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

Екібастұз жылу электр орталығына "өлшем бірлігін" бұзғаны үшін 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, - деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі. 

Екібастұз ЖЭО-ға 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды
Фото: tengrinews.kz

2023 жылғы қаңтарда сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті Екібастұз прокуратурасымен бірлесіп Екібастұз ЖЭО қызметін метрология саласындағы заңнамалық актілерде белгіленген талаптарды сақтау бойынша тексеруге қатысқаны хабарланды.

"Тексеру барысында сынау аралығы бұзылғаны және тексеру мерзімі өткен өлшеу құралдары пайдаланылғаны анықталды, мысалы: техникалық манометрлер, қысымды түрлендіргіштер, вольтамперметр, мегаомметр. Өлшем құралдарын салыстырусыз пайдалану "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" заңның 19-бабы 1-тармағын бұзу болып табылады", - деді министрліктің баспасөз қызметі өкілдері.


Осы заңбұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілік – 1 600 АЕК – 5 520 000 теңге айыппұл қарастырылғаны атап өтілді.

"Екібастұз прокуратурасының заңбұзушылықтарды жою туралы ұсынысы негізінде басқарма қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды.

Екібастұз ЖЭО-ның заңбұзушылық жасау дерегін мойындауына байланысты ӘҚБтК-нің 811-бабына сәйкес жеті тәулік ішінде қысқартылған іс жүргізу тәртібімен 2 760 000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеу туралы ұйғарым шығарылды. Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұл толық көлемде төленді", - делінген хабарламада.