Жетісу облысының Шолақай ауылында былтыр жазда 15 жастағы Құралай Қисабекті зорлап өлтіріп, артынша мәйітін өртеп жіберген қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Paryz.kz «31 арнаға» сілтеме жасап.
20 ақпанда жантүршігерлік қылмыс жасаған 39 жастағы Рустам Ахметовке судья осындай жаза кесті.
«Ахметов Рустам Турсуновичке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтелсін», - деді Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермаханов.
Үкім кезінде судья жаға ұстатар қылмыстың жай-жапсарын баяндады.
Тергеу дерегінше, сотталушы алдымен 15 жастағы Құралайды зорлап, айуандықпен өлтірген. Оның өрімдей қыздың жүрек тұсынан үш рет пышақ салғаны анықталған. Кейін бір метр тереңдікте жер қазып, қыз баланың ұялы телефонын сындырып, мәйітті өртеп, көміп тастаған екен.
Естеріңізге сала кетейік, дүйім жұртты дүр сілкіндірген қылмыс осыдан тура алты ай бұрын болған еді. Із-түзсіз жоғалып кеткен Құралай Қисабекті бүкіл Шолақай ауылының тұрғындары жанұшыра іздеген. Алайда тек 8 күннен кейін қыз баланың мәйіті табылған. Мәйіт сол ауылдан үш жарым шақырым жерде орналасқан қылмыскердің қыстағының маңынан табылған болатын.
Айта кетсек, өмір бойына сотталған Рустам Ахметовтың бұл алғашқы жасаған қылмысы емес. Ол бұған дейін 14 жастағы жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсіп, оған үйленіп жазадан құтылған. Екінші қылмысында тағы да кәмелетке толмаған қыз баланы зорлап, 5 жылға сотталған болатын.
Енді өмір бойына бас бостандығынан айырылған ол жәбірленуші тараптың сұрауы бойынша 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
«Өлім жазасын беру керек бұған. Халықтың алдына шығарып, жасөспірімдерге тоқтайды. Сабақ болады. Осыны Президент ескеріп, осындай жазаны қию керек. Сонда ғана тәртіп болады», - дейді марқұмның ағасы Тұрлыбай Қисабек.