Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Қазақ әскері жөнді тамақ та ішпейді»: Заңгер қорғаныс саласындағы былықтың бетін ашты

Танымал заңгер, құқық қорғаушы Ләззат Камзе еліміздің қорғаныс министрлігі жұмысына сын айтты.

«Қазақ әскері жөнді тамақ та ішпейді»: Заңгер қорғаныс саласындағы былықтың бетін ашты
Фото: pexels.com

Астанада өткен "MediaDialog" пікір-талас клубының жиынына қатысқан ол, қорғаныс министрі бүгінде Президент тапсырмаларының ешқайсысы орындалып жатпағандығын алға тартты, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Сaravan сайтына сілтеме жасап. 

Оның сөзінше Қазақстандағы күштік құрылым саласы жемқорлықтан көз ашпайды.

"Президенттің тапсырмаларының ешқайсысын орындаған жоқ. Қорғаныс министрлігі керісінше бүкіл жұмысты құрдымға кетіріп жатыр. Сонымен бірге әскердегі осындай түрлі жағдайлардың орын алуы, армияны жарақтандыруға бөлінетін миллиардтардың мақсатсыз жұмсалатынын айғақтап отыр. Біздің қазақ әскері тіпті жөнді тамақтанбайды да. Күштік құрылым саласында талай мәрте жемқорлық фактілері де тіркелді және қаржы көлемі ең көп жымқырылған министрліктер қатарында осы қорғаныс министрлігі болды. Тағы бір айта кетерлігі, казино ойнайтындар арасында осы құқық қорғау органдары қызметкерлері екінші орын алатыны анықталды. Сонда біз қалай ғана осындай министрлікке өз балаларымыз бен елдің болашағын сеніп тапсырып отырмыз?", - деп күйінді құқық қорғаушы.

Сонымен бірге ол қорғаныс саласын реформалау қажет екенін алға тартты.

"Бізде тек бөлімше командирлері ғана емес, министрден бастап жауапқа тартылуы тиіс. Өздеріне Алматыда, Бурабайда, Астанада зәулім үй салып алған генералдың тым болмаса біреуі сотталды ма? Олар тиісті жазасын алмаған соң, қорғаныс саласына кім сенсін? Балаларымыз не себепті әскерден қашады? Себебі осының бәрін көзбен көріп отыр. Ал соңғы орын алып жағдайлар, ел тұрғындарын тіптен шошытты, біз керісінше қазақ әскерінің беделін көтеріп, жастарға патриоттық тәрбие берудің орнына, осындай жаға ұстатар жағдайлардың куәсі болып жатырмыз", - деп налыды ол.