Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Ресей Қазақстанның СІМ нотасын шыбын шаққан құрлы көрмейді" - саясаттанушы

Ол өз сөзінде Қазақстан наразылық нотасын жолдаумен шектелмей, қатаң түрде қарымта жауап беруі керек деді.

"Ресей Қазақстанның СІМ нотасын шыбын шаққан құрлы көрмейді" - саясаттанушы
Фото: ашық дереккөз

Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев Қазақстанға қарата мәлімдеме жасаған Никонов та, Федоров та түптің түбінде Ресей жетекшілігінің пікірін жеткізіп тұр, деп есептейді. Бұл туралы paryz.kz "Караван" басылымына сілтеме жасап хабарлады. 

Саясаттанушы Д.Сәтпаев өз сөзінде Қазақстан наразылық нотасын жолдаумен шектелмей, қатаң түрде қарымта жауап беруі керек дейді.

"Қазақстанның ресми реакциясы әлсіз және шектеулі болды. Дипломатиялық тәжірибеде нота тапсыру – наразылықты танытудың ең әлсіз жолы. Бұл мәлімдемені ресейлік сарапшы немесе қоғам қайраткері емес, Мемлекеттік Думаның Білім және ғылым комитетінің төрағасы мен депутаты жасады. Никонов – Мемлекеттік Думада білдей бір маңызды қызмет атқаратын адам. Оның үстіне, ол көп жылдан бері өзін Ресей сарапшылар қоғамындағы пікір көшбасшысы ретінде көрсетіп жүр. Ал Федоров Ресей Президенті әкімшілігінің қорғаныс жөніндегі кеңес мүшесі болды. Никонов сияқты ол да путиндік "Единая Россияға" мүше. Никоновтың да, Федоровтың да көп уақыттан бері Кремльмен байланысы бар. Сондықтан бұл екеуі де белгілі бір дәрежеде Ресей жетекшілігінің пікірін айтып тұр", - дейді саясаттанушы.

Досым Сәтпаев бұдан әрі "Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі нота тапсырумен шектелмей, әлдеқашан одан батылырақ қимылдауы керек еді. Оның үстіне Ресей бұл ноталарды шыбын шаққан құрлы көрмейді, мүлде назар аудармайды" деп санайды.

"Біріншіден, Қазақстан туралы осындай доспейіл емес мәлімдеме жасаған Ресей саясаткерлерінің қара тізімін жасау керек. Яғни мұндай лауазымды қызмет өкілдері нон грата тізіміне енгізілуі тиіс. Оларды Қазақстанға кіргізбеу керек. Әлбетте, арандатушылық мәлімдеме жасайтын саясаткерлер мен сарапшылардың Қазақстанға келсек деген ойы болмауы да мүмкін. Ойланбай сөйлейтін Жириновский, Соловьев, Никонов, Федоров тәрізді адамдарды қара тізімге енгізу Кремльге берілген сигнал болар еді. Яғни ол Қазақстан бұл мәлімдемелерге жағымсыз, оғаш инцидент деп қарамайды, мұны Ресейдің Қазақстанға қатысты доспейілді емес сыртқы саясаты деп қабылдайды деген емеурінді білдірер еді", - дейді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан үшін геосаяси тұзақ деген пікірде. 

"Әу бастан Еуразия экономикалық одағы экономикалық емес, Ресейдің геосаяси жобасы екені айқын еді. Одақ құрылғанда 2014 жылы айтқан болжамым айна-қатесіз орындалды. Тіпті сол кезде одақтың құрылуын қолдаған бизнестің қазір одан көңілі қалды. Өйткені санкциялар соғысы кезінде Ресей импорт орнын алмастыру бағдарламасы арқылы өзінің ішкі нарығын қатты қорғады. Ресейде тамақ өнеркәсібінен бастап, жеңіл өнеркәсіпке дейінгі барлық секторда бизнес лобби мықты. Міне, олар барлық ел, тіпті, өзімен экономикалық одақтас Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан тауарларын кіргізбей, қолдан тосқауыл қойды. Ресей дем арада жаңа талаптар мен шектеулер қойып, экономикалық одақ талаптарын бұзып, қазақстандық өндірушілерді кіргізбей тастады", - дейді Досым Сәтпаев.

Оның айтуынша, Қазақстан Өзбекстан тәрізді одаққа мүше болмай, бақылаушы ғана болуы керек еді. Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одағын мұқият зерттеп, бақылаушы ғана боламыз, ешқандай міндеттемені мойынға алмаймыз деп шешті. Тура сол сияқты, Ислам Каримов билігі кезінде Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына мүшелігін тоқтатты. Өйткені Ресей бұл одақты геосаяси мақсатына пайдаланбақ деп күдіктенді.

"Ал мұның арты не болды? Түк те болмады. Ресей мен Өзбекстан арасында конфликт жоқ, тіпті, Ресей-Өзбекстанның экономика, әскери-саяси саладағы қарым-қатынасы қарқынды дамып жатыр. Ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанда, Өзбекстан бізбен салыстырғанда дұрыс әрекет етті", - дейді саясаттанушы.