Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Бұл – құлдың әрекеті!": Алматыда орыс князі Невскийге ескерткіш орнатылмақ

Митрополиттің пікірінше,"Невскийдің игі идеялары Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дана саясатымен үндеседі" екен.

"Бұл – құлдың әрекеті!": Алматыда орыс князі Невскийге ескерткіш орнатылмақ
фото: дереккөз

Бүгін журналист, ақын Азамат Тасқараұлы Facebook-тегі парақшасына Алматыға орыс князі Невскийдің ескерткіші орнатылатынын жазды. Ал оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова келісім берген, деп жазды paryz.kz.

"Халық пен биліктің пікірі екі түрлі екенінің бір дәлелі. Біз Жошының таққа отырғанының 800 жылдығын атап өтуді қалаймыз, бұлар орыс князі Невскийдің 800 жылдығына дайындалады, ескерткіш қоямыз дейді. Невский Батый ханнан көмек сұрап, Орданың көмегімен жауларын жойғаны болмаса, қазақ даласына не қатысы бар, Ақтоты ханым? Ал Батый хан Ресей ғана емес, Болгария мен Венгрияның жерін басып, ұлы қағанатқа иелік еткенін білеміз. Демек, біз емес, керісінше, Ресей Алтын Орданың мерейтойын тойлап, Жошыны ұлықтау керек. Алматыға Невскийдің ескерткіші емес, Мәскеуге Жошының ескерткіші орнатылуы қажет. Бірақ, олардың шенеуніктері ондай ұсыныс айтпайды. Ресей шенеуніктері қазақ жеріне қатысты не айтып жүргенін бәріміз естіп жүрміз. Мұндай министрлер барда ұлттық мүдде туралы не айтамыз?.." - дейді әріптесіміз.

Оған пікір білдірген Алма Бегешқызы: "Орыстар біздің жерлерге көзін тігіп, қазақ деген болмаған деп отырғанда, Невскийге ескерткіш қою деген – нағыз подхалимство. Бұл – құлдың әрекеті", - десе, тағы бір желі қолданушы Мақпал Оразбек те: "Тарихтан хабары жоқ, білімсіз адамдар ел басқарған кезде осындай өрескел жағдайлар орын алады. Тыйым жоқ. Ресейдің депутаттарының сөздері миларына кірмейді", - деп реніш білдірген. Сондай-ақ, қоғам белсендісі Бейсенғали Көкей: "Қазақ ұлтының болашақ ұрпағына өз қолыңызбен көр қазып жатырсыз, Ақтоты ханым!" - деп кейістік танытты. Қазір олардан өзге қазақстандықтар да бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы екендерін жазып жатыр.

Ал Sputnik.kz-тің жазуынша, астана және Қазақстан митрополиті Александр Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездесуінде Қазақстан Республикасының 100 жалпыұлттық киелі нысандар тізіміне кіретін Вознесенск кафедралды соборын толық көлемде қалпына келтіру керектігін айтқан. Сол сәтте ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс нәтижелерін "жалпықазақстандық киелі орынның екінші тууы" деп атағанын алға тарта қойған. Митрополиттің айтуынша, Қазақстандағы сейсмикаға төзімді сәулет өнері Вознесенский соборы сынды ғибадатханадан басталған-мыс. Сондықтан оның алдына туғанына 800 жыл толуына орай, князь Александр Невскийдің еңселі ескерткішін орнату керек көрінеді.

"Александр Невский өзінің дана шешімдері және дипломатиялық іс-әрекеттерімен Еуразия кеңістігінде дінаралық және ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастыруға баға жетпес үлес қосты. Князьдің ақылды саясаткер болғанын және тек соғысуды ғана емес, сонымен бірге Алтын Орда сияқты қиын көршімен келіссөздер жүргізуді білгенін ескеріңіз", - депті ол Ақтоты Райымқұловаға.

Митрополиттің пікірінше,"Невскийдің игі идеялары Елбасы мен мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дана саясатымен үндеседі" екен.