Мамин мен Есімов бірін-бірі құттықтады

"Елбасы мен президент қойған тапсырмалар мен міндеттерді тиімді орындап, нақты жұмысты ұйымдастырып келеді", - деді Премьер-министр.

Мамин мен Есімов бірін-бірі құттықтады
Фото: ашық дереккөз

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті 70 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлады paryz.kz, sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Ең алдымен барша елді Тәуелсіздік күнімен құттықтаған Премьер-министр Ахметжан Есімовтің айтулы мерейтойы екенін де ұмытпады.

"Ахметжан Смағұлұлы – тәжірибелі басшы, үкіметте, өңірлерде, "ЭКСПО" компаниясында басшылық қызметтерде жұмыс істеп, аса маңызды "ЭКСПО" көрмесін табысты ұйымдастырды. Ауыл шаруашылығын дамытудың негізін қалады. Қазір "Самұрық-Қазына" қорын басқарып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Елбасы мен президент қойған тапсырмалар мен міндеттерді тиімді орындап, нақты жұмысты ұйымдастырып келеді", – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының құттықтауына алғысын айтқан "Самұрық-Қазына" басшысы Асқар Маминді Тәуелсіздік күні қарсаңында "Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен марапатталғаны үшін құттықтады.

"Мен Үкіметке алғаш рет 26 жыл бұрын вице-премьер болып келген едім. Сол уақыттан бері алғаш рет Премьер-министрді Тәуелсіздік күні қарсаңында марапаттап отыр. Елбасы кеше сізге үлкен награда тапсырды. Ол - осы отырған әріптестеріңіз бен өз еңбегіңіздің бағасы", – деді Есімов.