Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Байқоңыр балаларын қазақша оқыту үшін Ресейден рұқсат сұрауы шарт

Қазіргі жағдай бойынша, Байқоңыр қаласындағы ресейлік 7 мектепте 4049 бала оқиды. Соның 1 508-і, яғни 37 пайызы – ҚР азаматтарының балалары.

Байқоңыр балаларын қазақша оқыту үшін Ресейден рұқсат сұрауы шарт
фото: ашық дереккөз

Байқоңыр қаласының 7 мектебі Ресей Федерациясының білім беру стандарттарымен оқиды. Бұл жөнінде бүгін Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz.

Ал мектеп бағдарламасына Қазақстан тарихы, қаза тілі мен әдебиеті пәндерін енгізу үшін Ресейдің Оқу-ағарту министрлігі рұқсат етуі қажет екен.

"Байқоңыр қаласының 7 мектебінде оқыту Ресей Федерациясының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Бұл мектептерде қазақстандық балалар да оқиды. Олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратындықтан, олар үшін Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін білу маңызды. Мектеп бағдарламасына аталған пәндерді енгізу үшін Ресей Федерациясының Оқу-ағарту министрлігінің рұқсаты қажет",- деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, Байқоңыр қаласындағы ресейлік мектептерде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту туралы мәселе биылғы 10 қарашада өткен үкіметтік комиссияның күн тәртібіне енгізілген. Кейіннен аталған мәселе бөлек қаралады деген себеппен алынып тасталыпты.

"Байқоңыр қаласы бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының бөлек отырысында қараудың орындылығы туралы шешім қабылданып, аталған мәселе күн тәртібінен алынып тасталды. Байқоңыр қаласындағы 7 мектептің біреуін Ресей Федерациясының балансынан алып, Қазақстанның коммуналдық меншігіне беру мәселесі де білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кезекті комиссияның отырысында қарастырылатын болады", - дейді Асқар Мамин.

Аталған мәселені 13 қараша күні Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы көтерген болатын. Оның айтуынша, Байқоңырда Ресейге қарасты 5 мектеп пен 1 балабақшада ғана қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік жасалған.

"2015 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметаралық комиссиясының шешімімен Ресей Федерациясына қарасты 5 мектеп пен 1 балабақша ғана Қазақстан Республикасының юрисдикциясына алынып, балаларға қазақстандық стандартпен қазақ тілінде білім алуына мүмкіндік жасалды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қосымша екі балабақша ашылып, қызмет көрсетуде. Дегенмен, қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалардың бүгінгі жағдайы алаңдатып отыр. Өйткені, бұл балабақшаларда ана тілінде тәрбие беру және толыққанды мектепалды даярлықтан өткізуде кемшіліктер бар. Соған орай, қазіргі уақытта ата-аналарды өз балаларының алдағы уақытта қазақ мектептерінде білім алуы үшін толыққанды мектепалды даярлықтан өтулері қанағаттандырмай келеді. Сол себептен, Байқоңыр қаласының орталық тұрғын үй мөлтек аудандарында орналасқан Ресей Федерациясының меншігіндегі, толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақшаның бірнешеуін Қазақстанның юрисдикциясына алуды байқоңырлықтар орынды көтеріп отыр деп санаймыз. Бұл – қала тұрғындары үшін өзекті проблеманың бірі", - дейді сенатор.

Сонымен, Байқоңыр қаласында қазір 77 мыңнан астам халық тұрады. Оның 70 пайызы – Қазақстан азаматтары. Ал қазіргі жағдай бойынша, Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде білім беретін 5 қазақ мектебінде 5 236 бала білім алса, ресейлік 7 мектепте 4049 бала оқиды. Соның 1 508-і, яғни 37 пайызы – ҚР азаматтарының балалары.