Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Ақтөбеде субсидиядан қағылған фермерлер облыс әкімдігіне кіріп барды

Жергілікті атқамінерлер 3,4 млрд теңгені жақындары мен таныстарына бөліп берген.

Ақтөбеде субсидиядан қағылған фермерлер облыс әкімдігіне кіріп барды
фото: azattyq.org

Ақтөбелік шаруалар бүгін облыс әкімдігінің ғимаратына баса-көктеп кірді. Айтуларынша, олар мал азығына бөлінген субсидиядан қағылған. Осылай деген наразы топ әкімдіктен субсидия талап етті, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Жиналғандардың айтуынша, биыл пандемияға байланысты облыс шаруаларын қолдауға қомақты қаржы бөлінген. Аймақ басшысының шешімімен, жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге шаруа қожалықтарына үлестіріліпті. Қазан, қараша айларында мал басына қарай қайтарымсыз көмек алған. Бірақ көпшілік тапсырыс берсе де, ақшадан құр қалдық дейді. Ірі қараның әр басына 30 мың теңгеден, жылқыға 20 мың теңгеден, ал қойға 5 мың теңгеден есептепті. Бірақ ортақ қазандағы қаражат тек таңдаулыларға берілген көрінеді.

"Бұл – жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасы мен осыған қатыстылардың салғырттығы. Бірінші рет 1 миллиард береді. Екінші рет 2 миллиард 400 береді. Енді қалғанымызға ақша жоқ дейді. Сөйтсек, ол ақшаны өздерінің жақын тамыр-таныстары алған. Ал Ақтөбенің 80 пайыз шаруалары дымсыз, құр қалды", - дейді кәсіпкер Руслан Сүйіншалин.

Әкімдіктегілер де субсидия беру барысында көптеген заңсыздықтар болғанын мойындап отыр. Қазір олар арнайы комиссия құрып, тексеру жұмыстарын бастамақ екен.

"Көптеген заң бұзушылықтар пайда болып жатыр. Себебі үйіндегі есепте тұрған малды шаруашылыққа жазып алып, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жазып, ақша алу мақсатында солай отчет тапсырып жатыр барлығы. Мал саны 2 есеге өсіп кетіп тұр. Енді осы мақсатта тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғал Бердалин.

Енді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы прокуратураға арызданып, алаяқтық жолмен ақша алғандарды анықтауға кіріспек. Мал басын артық көрсеткендерге қатысты қылмыстық іс қозғалатынын ескертті. Сонымен, басы дауға қалған ауыл шаруашылығы басқармасы өңірдегі 800-дей шаруашылыққа 1,6 млрд теңге субсидия төленгенін хабарлады. Қалғаны тапсырыс бергендерге берілмек. Ал ол қаражат шу шығарған шаруаларға жете ме, жоқ па, ол жағы әзір беймәлім.