Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

"СҚО-дан 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен" - сенатор

Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кететіндердің 43,8%-ы 15 пен 34 жасқа дейінгі жастар екендігі алаңдатады.

"СҚО-дан 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен" - сенатор
Фото: ашық дереккөз

Сенатор Айгүл Қапбарова көші-қон процестерін іске асырудағы мемлекеттік шаралар мен тетіктерге қарамастан, өңірлердегі көші-қон проблемалары толық шешілмей отырғанына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы сенатор депутаттық сауалында жазды, деп хабарлады paryz.kz, Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2018-2019 жылдары және осы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірден 5123 адам қоныс аударған болса, өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Осы облыста 20 жылда 300-ге жуық мектеп жабылып, бастауыш және орта мектепте оқитындар 8 мыңға азайған. Мектеп ғимараттары аукционға қойылып, сатылуда", – деді Айгүл Қапбарова.

Соңғы 5 жылда елден 189 765 адам қоныс аударса, 70 933 этникалық қазақ көшіп келді. Айырмашылық - 118 832 адам. Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кететіндердің 43,8%-ы 15 пен 34 жасқа дейінгі жастар екендігі алаңдатады.

Сенатор сыртқы көші-қонның санын азайту үшін ішкі көші-қон үдерісіндегі еңбек теңгерімін тұрақты және тиімді қалпын сақтау маңызды екенін айта келіп, ел аумағының біртұтастығы үшін оңтүстіктен солтүстік аймақтарға бағытталған көші-қон үрдісін жалғастыру керек деп санайды.

"Қоныс аударушылар үшін мемлекет беретін тұрғын үйлердің көпшілігі қазіргі заманғы өмір сүру стандарттарына, санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Кейбір үйлер апатты жағдайда тұр. Қоныс аударушыларды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қолдау көрсетудің кейбір тетіктері жеткіліксіз", – деді Айгүл Қапбарова.

Сенатор қоныс аударушылар үшін тұрғын үй берудің нақты тетігін пысықтауды, бюрократиялық кедергісіз жер учаскелерін беру, қоныс аударушыларды жинақы қоныстандыру үшін жеке тұрғын үй салуға жеңілдетілген несие беру керектігін атап өтті. Сондай-ақ "Бір терезе" қағидаты бойынша қоныс аударушылар туралы деректердің бірыңғай автоматтандырылған ақпарат жүйесін енгізу қажеттігі айтылды.