Мәсімовке қатысты тағы да тың дерек шықты

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты тағы да тың дерек шықты. Мәсімов пен оның отбасы мүшелерінде Венгрия азаматтығы болған. Мұны Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан растап отыр, деп хабарлады paryz.kz ақпарат агенттігі Abai.kz сайтына сілтеме жасап. 

Мәсімовке қатысты тағы да тың дерек шықты
Фото: abai.kz

Қаңтар оқиағасынан кейін ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-тармағымен, «мемлекетке сатқындық» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Осы күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және өзге де тұлғалар ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған болатын. Таяуда Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істі зерделеу нәтижесі бойынша тергеу органының айыптау актісін бекітті.

Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Айыпталушылар К.Қ. Мәсімов (ҰҚК бұрынғы төрағасы) және А.Т. Садықұлов (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) мемлекетке опасыздық жасау (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттігін өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) туралы баптар бойынша сотқа берілді.

Д.Е. Ерғожин (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) билікті күшпен басып алғаны (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы).

М.С. Осиповке (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары), Д.М. Акиповқа (ҰҚК департамент бастығының бұрынғы орынбасары) және Н.К. Бекмуратқа (ҰҚК-ның бұрынғы басқарма бастығы) Қылмыстық кодекстің 362-бабының әртүрлі бөліктері бойынша айып тағылған.

Қылмыстық іс «өте құпия» белгісімен тергелген және сотта да осы тәртіпте қаралады.

Бұдан бұрын БҰҰ-ның жұмыс тобы Мәсімов ісіне қатысты үндеу жолдап, оған араша түсті.

«Қазақ үкіметін Кәрім Мәсімовтің негізсіз қамауда отырғанына байланысты істерді тәуелсіз тергеушілердің жүргізуін қамтамасыз етуге және оның құқықтарының бұзылуына жауапты адамдарды тиісті шаралар қабылдауға шақырамыз», – деп жазылған БҰҰ-ның Себепсіз қамаулар бойынша жұмыс тобының мәлімдемесінде.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев БҰҰ-дан ресми түрде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты хабарлама түспегенін мәлімдеді.

«Ол хабарламаны өз басым желілерден көрдім. Бірақ ондай жұмыс рекомендацияларын (БҰҰ-ның) әлі көрген жоқпын. Бас прокуратураға ресми түрде түскен кезде ол бойынша жұмыс жасалады. Нәтижесінде шешім қабылданады», - деген болатын ол.