«Дайын емес едім»: Алып қашу құрбандарының жүрекжарды хикаялары

Ертеде қазақта қыз алып қашу дәстүрі келісіммен болған. Қыз бен жігіт бірін-бірі құлай сүйіп, бірақ қыз атастырылып қойса не үлкендер отау құруға қарсы болса, жастар елден жыраққа қашып кеткен. 

«Дайын емес едім»: Алып қашу құрбандарының жүрекжарды хикаялары
фото: alashainasy.kz

Бұрын қуғыншылар қыз алып қашқан жігіттің отбасына шабуыл жасап, әкесін қарабет қылған кездер де болған. Сондықтан қыз алып қашқандарға ауыр жаза қолданған. Қазір жігіт пен қыз екеуара келісіп, қыздың отбасына ауыртпалық салмас үшін келісіп, шаңырақ көтереді. Өкінішке қарай, бүгінде қызды бір көргеннен не таныстық ұзаққа созылмаса да алып қашатын жайттар бар. Massaget.kz тілшісі алып қашу салтымен отау құрған әйелдермен сұхбаттасты.

"Дайын емес едім"

Бірінші кейіпкерімізді үш жыл жүрген жігіті алып қашқан. Ол жігітінің мұндай жоспары барын мүлде білмеген. 

"Мен жігітіммен үш жыл жүрдім. Оқу бітіргеннен кейін вахтаға жұмысқа орналастым. Жігітім ара-қашықтыққа шыдай алмады. 23 күн жұмыс істеп, үйге қайтқан кезде ол мені күтіп алды. Үйде бір күн болдым. Келесі күні мені киноға шақырды. Киноға бармас бұрын әпкесін туған күнімен құттықтап кетейік деп өтінді. Мен ол кезде туыстарын танитынмын. Үйіне кірдік. Үлкен дастархан жайып қойған, адам толып жүр. Мен әпкесін құттықтап, сыйлығын бердім. Бізді жастардың қасына үстел басына отырғызды. Кенет бөлмеге үлкен апалар кіріп, жаныма отырып, той туралы айта бастады да, үстел (жер үстел - еск.) астынан орамал алып шықты. Басыма тағып жатқанда қарсылық танытпадым. Бірақ қатты жылағаным есімде. Дайын емес едім. Бұлай тез боларын білмедім. Кейін артымнан қуғыншылар келді. Жігітіммен сөйлестік. Осылайша мен қалып қойдым", - дейді Ақтөбенің тұрғыны Аяжан (кейіпкер сұрауы бойынша есімі өзгертілді - еск.). 

"Қимастық сезім болды"

Ал Түркістан тұрғыны Аяулым болашақ күйеуін анасы таныстырғанын, алып қашу екі жақтың келісімі арқылы болғанын айтады. Қыздың талай арманы болған. Бірақ тағдырға көнбеске амал жоқ. 

"Мені күйеуіммен анам мен әпкем таныстырған. Бір апта сөйлесіп, екі-үш рет кездестік. Кейін мені алып қашты. Тұрмысқа шығу ойымда болмаған. Басқа жоспарларым болды. Күйеуім де басқа жаққа кетуі керек еді. Бірақ үйдегілер таныстырған соң, бір-бірімізді ұнатқан соң, осындай шешімге келдік. Ол мені келісіммен алып қашты. Тек анам мен сіңілім білді. Мен алдын ала олармен қоштасып үлгердім. Біліп алып қашу мен айтпай алып қашу екі түрлі нәрсе ғой. Біртүрлі болдым. Қимастық сезім болды. Бауырларымды қимай, бір жылап алдым. Қазір, шүкір, бақыттымын. Күйеуім де жақсы адам", - дейді ол. 

Ертеде келісімсіз қыз алып қашқандарға қандай жаза қолданылған?

"Қатты ренжідім"

Ал шымкенттік Әйгерім артынан қуып келген ата-анасы жуас екенін, сол кезде көнбей алып кетсе, жағдай мүлде басқаша болар ма еді дейді. 

"Мені Шымкентте оқып жүрген кезде алып қашты. Бұрын таныс едік, бір-екі мәрте көрдім, онша араласпадық. Ол - Шардараның баласы. Бірде Шымкентке келіп, жолығайық деді. Ойымда ештеңе жоқ. Оның жолдастары, менің құрбыларым болып кафеге бардық, қыдырдық. Пәтер алдына келгенде, біраз аялдады да, Шардараға қарай тартты. Басында қатты ренжідім. Ұзатылатын едім ғой, құда түссең болады ғой деп жалындым. "Жоқ" деп қырсығып алды. Шардараға келген соң, кетемін, қалмаймын дедім. Ата-анам жуас адамдар, шу шығарып алып кете алмады. Біраз сөйлесіп, қалатын болдым", - дейді шымкенттік Әйгерім. 

"Күйеуден қайтсаң, таңба боласың" дейді. Қыздар жігіт алып қашса, не істеуі керек?

"Сыртқа шығуға қорқып қалды"

Танымайтын адамды алып қашу әлі күнге дейін өршіп тұр. Алматыда магистратурада оқитын Ажар бір ай бұрын құрбысын алып қашпақ болғандардың оқиғасын бөлісті. Оның айтуынша, құрбысы әлі өз-өзіне келмеген.

"Құрбыммен бірге тұрамыз. Таяуда ғана ол әріптесінің тойына барды. Сол жақта бір жігітпен танысты. Ол жігіт тойдағы қыздың бәрін үйіне алып барғанда, біздің үйді жаттап қалған. Бірнеше күн өткен соң, құрбыма қоңырау шалып, есік алдына келіп тұрғанын, көлігі істемей қалғанын, су керегін айтады. Құрбым ойланбастан суын алып шығады. Ол досымен келген екен. Көлігін жөндеп тұрғанда досының әйелі қоңырау шалып, толғағы басталғанын айтады. Сол кезде көлігі де жөнделіп кетеді. Олар құрбымды салып алып кетеді. Алдымен досының үйіне барып, босанғалы жатқан әйелін алып кетеді. Бірақ аурухана ұзап кеткен, ал толғатып отырған әйел тыныштала қалған. Бір кезде көліктің Бақанасқа кетіп бара жатқанын түсінген. Жігіттің бір досы алып қашып бара жатқанын түсіндірген. Құрбым келіспеді. Ауылға жеткен соң да көліктен түспеген. Бірақ ауыл тойға барынша дайындалған. Үлкен апалар орамал алып келіп, шашу шаша бастаған. Тіпті жақында тойға барған әріптесі де жүр. Абырой болғанда, сол қыздың ата-анасы көмектесіп, қалаға қайтарып жіберді. Мен оны қалаға жетіп қалғанда бір білдім. Құрбым қайда барарын, қашан келерін айтып жүретін. Сол күні хабарсыз кеткенде қатты уайымдадым. Ол стреске түсіп кетті. Тіпті сыртқа шығуға қорқып қалды", - дейді Алматы тұрғыны Ажар. 

Еске салайық, бұған дейін жігіт келісімсіз алып қашса, қыз не істеу керегі туралы заңгерлермен сұхбаттасқан едік.