"Мақтануға тұрарлық нәрсе ғой. Бірақ "мен, мен" деп мақтанып тұрғаным жоқ. Қолымнан келіп тұрғаннан кейін жасаймын", - дейді мүсінші.
"Обаманың, Назарбаевтың мүсінін жасап, баспана дәметкенім жоқ". Қазақстандағы әзірге жалғыз гиперреалист Айдос Есмағамбетов осылай деп мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Шебер Назарбаевтың бір емес, бақандай үш мүсінін жасаған. Сол үшін де талайдың сынына қалыпты. Бірақ қаңқу сөзге мән бермейтін ол бүгінде 175 жылдық мерейтойына орай Абайды айна-қатесіз әспеттеп, көрерменін тәнті еткен.
"Сол кезден бастап біраз пікір естіп жатырмыз ғой. "Үй алғысы келеді", "ойбай, өзіне пиар жасағысы келеді" деп. Тағы да айта кетейін, мен ондай нәрсені көздеген емеспін. Үйді мен өз еңбегіммен аламын", - дейді Айдостың өзі.
Ол гиперреализмге 2010 жылы кіріскен. Осы аралықта он шақты мүсінін көпшілік назарына ұсынған. Тұңғыш Президенттің үш мүсінін, Барак Обаманың, Абылай ханның және биыл Абайдың кейпін сомдап үлгерді. Әр жұмысына жарты, бір жылдай уақытын сарп етеді. Айдостың айтуынша, мұнда мүсіншілік, суретшілікпен қатар, антропологиялық сауат та қажет. Тарихи тұлғаларды әспеттеуден қиыны жоқ екен. Мұрағат деректерімен қоса, археологтардың да мәліметіне иек артады. Сондықтан да өз еңбегін ерекше мақтан тұтады.
"Мақтануға тұрарлық нәрсе ғой. Бірақ "мен, мен" деп мақтанып тұрғаным жоқ. Қолымнан келіп тұрғаннан кейін жасаймын. Әлде, шет мемлекеттегі гипперреалист Мадам Тюссоларға тапсырыс берейік пе, бізге осындай Абайбың мүсінін жасап беріңдер деп?" - дейді мүсінші.
Гиперреализмде ұлттық нақышты қалыптастыруды мақсат еткен Айдос қазір Қазақстан мақтанышы Геннадий Головкиннің мүсінін жасауға кіріскен. Ал арманы – елімізде гиперреализм туындыларына арналған музей ашу. Айтуынша, ол жоспары әзірге қолдау таппай келеді.