Алматылық Арайлым Жексембекова бұған дейін әлеуметтік желіде нашақор күйеуінің ұрып-соғатынын, «өлтіремін» деп қоқан-лоқы көрсететінін айтып араша сұраған. Алайда екі балалы ананың мәселесіне ешкім назар аудармай отырған көрінеді деп хабарлайды paryz.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап.
«Өзімнің және балаларымның өмірі үшін қорқамын» деген жас ана жолдасымен небәрі 1 жылға жуық отасқан. Мамыр айында күйеуі алғаш рет оған қол көтеріп, есінен танғанша ұрыпты. Содан кейін ұрып-соғу әдетке айналды дейді. Көп ұзамай жолдасының есірткі пайдаланатынын білген Арайлым полицияға арыз жазған. Алайда зәбір көрсетуші тек 5-10 күнге қамауға алынады дейді ол.
«Жүкті болғаныма қарамастан ішімнен теуіп, суға батыруға тырысты. Үйде байлап ұстады. Істемегені жоқ. Жұбайым қарсы болғанымен, сот арқылы ажырастық. Бірақ ол мені аңдып, қоқан-лоққы көрсетуін тоқтатқан жоқ. Жақында ғана босандым. Қазір, тіпті, үйден шығуға қорқамын», – дейді жәбірленуші.
Зәбір көрсетушіге қатысты «Қинау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның ақыл-есінің дұрыстығын анықтау үшін сараптама тағайындалды. Бірақ бұл істің тым ұзап кеткені Арайлымды алаңдатып отыр. Ол бұрынғы жұбайының полиция қызметкерлері мен медицина саласындағы қызметкерлер арасында таныстары бар екенін, солар арқылы ақыл-есінің дұрыс еместігін рәсімдеп алса, түрмеге отырмайтынын айтады. «Іс қашан аяқталатынын да ешкім айтпайды, полиция қызметкерлері бейғам жүр» дейді келіншек.
«Соталды бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда процессуалды кодекспен көзделген барлық тергеу амалдары жүзеге асырылуда. Кінәлі азамат міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Заңгерлер отбасылық зорлық-зомбылықтың жазасын қатаңдату қажеттігін айтады. Мәселен, айыппұлдың орнына тәртіптік жұмысқа тартуды қолдайды.
«Сондай-ақ егер жәбірленушілердің полиция мамандарының жұмысына көңілі толмаса, олар прокуратураға шағымдануға құқылы», – дейді заңгерлер.