Қорғаныс министрлігіне қарасты Спорт комитеті қызметкерлері басшылыққа Ольга Шишигина тағайындалғалы бері ұжымда ұлтаралық араздық күшейе түскенін айтып шағымданды. Бұл туралы осы комитеттің бұрынғы қызметкері Фархат Тапалов фейсбук желісі арқылы президент Тоқаев пен Бас прокуратураның назар аударуын сұрап, хат жолдаған.
Ол Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың сәуірде белгілі спортшы, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинаны ұжымға алып келгенін, осыдан соң әскерилер арасындағы жағдай күрт нашарлағанын айтады, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
«СЛАВЯН ҰЛТЫНАН ТҰРАТЫН ЭЛИТА ҚҰРЫЛДЫ»
«Ол (Ольга Шишигина – ред.) келгеннен кейін мен жұмысты тастадым, дәлірек айтсам, мені кетірді. Ол кезде азаматтық қызметші едім, шақыруға барлық құжаттар жиналды. Бірақ қабылданбады. Ол тағайындалғаннан кейін командада тек славян ұлтынан тұратын элита құрылды. Этностық өркөкіректік күшейе бастады. Әскерилерге жарғының не екенін білмейтін азаматтық қызметшілер басшылық ете бастады. Ұлтына қарай әскери қызметшілерге, ұзақ мерзімді еңбек өтілі бар сарбаздар мен сержанттарға, офицерлерге, полковниктерге және подполковниктерге көзқарас түбегейлі өзгерді. Мен ұлтаралық қақтығыстардың болуына қарсымын, бірақ Спорт комитетінде болып жатқан жағдай этникалық негізде тәртіпті бұзады, осы жағдай қатты алаңдатады», – деп жазылған хат мәтінінде.
Сондай-ақ Ольга Шишигина өзінің жақтастарын қызметке тарта отырып, спорт комитетінің штаттық құрылымын әзірлеуге, кадр жұмысына, қаржылық, ақылы қызмет көрсетуге, сатып алуларға, материалдық-техникалық жабдықтауға, қызмет аясынан тыс саяси мәселелерге араласатындығын жеткізген.
БАЯНАТТЫ ОРЫС ТІЛІНДЕ ДАЙЫНДАУДЫ ТАЛАП ЕТКЕН
Осы орайда, атын көрсетпеуді өтінген аталған комитеттің қызметкері орталықта негізгі лауазымдарға қызметкерлердің ұлтына қарай тағайындалып жатқанын растап отыр.
«Мұнда қызмет істейтіндердің дені спортшылар. Олар Қорғаныс министрлігінің атынан түрлі халықаралық жарыстарға барады. Өзім осы жерде жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Ольга Шишигина комитетке төраға болып келгеннен бастап, бірден кадрлық өзгерістерді бастап кетті. Бас жаттықтырушы қазақ жігітті қызметінен алып тастап, орнына өзінің жақын құрбысы Татьяна Азарованы әкелді. Қасынан шықпайды. Бөлім басшысы етіп Сарыөзектен тағы бір славян өкілін тағайындады. Жалпы ұжым арасында сыртқа кеткен орыс ұлтының өкілдерін қайта жинап жатқандығы туралы сыбыс тарай бастады», – деп түсіндірді жаттықтырушы.
Ол әлеуметтік жағдайды жақсартуға қатысты басшылық тарапынан берілген уәделердің орындалмай отырғандығын, орталықта қызметкерлердің көбі қысқартуға ілігіп жатқандығын атап өтті.
Қазір 50 қызметкерді қысқартқалы жатыр. Олардың барлығы ашық сұқбат беруден қорқады. Өйткені басшылыққа қарсы сөйлесең қысым көрсетілуі мүмкін. Комитетте ұлтқа, тілге қатысты шеттетулер ашық жүре бастады. Шишигина ханымға баянатты қазақ тілінде апарып едім, орыс тілінде дайындауымды талап етті. Арамызда орысша білмейтін адамдар да бар, неге ескерілмейді? – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионы Сора Рахмонова да қатардағы жауынгер ретінде осы комитетте жұмыс істеген. Алайда Ольга Шишигина келген соң оның келісімшарты тоқтаған. Дегенмен ол бұл тақырыпта пікір айтқысы келмейтінін, болған жайтты «Аллаға тапсыратынын» жеткізді.
Біз ашық хатта айтылған мәселенің анық-қанығын сұрау мақсатында комитеттің өзге де қызметкерлеріне хабарластық. Олардың ешқайсысы аты-жөнін көрсетпеуді өтініп отыр. Өйткені басшылыққа қарсы келудің соңы қысымға ұласуы мүмкін деп қорқады.
«Ольга Васильевна мен құрбысы Татьяна Азарова екеуіне қатысты айтылып жатқан шағымдарды растаймын. Славян ұлты өкілдері тағайындалып жатқаны рас, көріп отырмыз. Оның барлығы хаттамада тұр», – дейді комитеттің тағы бір қызметкері.
ӘСКЕРИ ПОЛИЦИЯ ТЕКСЕРІП ЖАТЫР
Әйткенмен, Орталық спорт клубының спорт комитетінің баспасөз қызметі аталған айыптаулардың шындыққа жанаспайтындығын хабарлады. Қазір әскери полиция арқылы іс тексеріліп жатыр.
Айтылған сөздер рас емес. Ешбір сөзі. Мұның барлығы Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі тарапынан іске алынған. Әскери полиция арқылы зерттеу жүріп жатыр. Сізге айтатыным, айыптаулар орынсыз, – деп жауап берді баспасөз қызметінің өкілі Батыр Тұяқов.
Сондай-ақ, ақпараттың жалған екенін айтқан ол ашық хат иесіне шара қолдану да мүмкін екенін атады.
«Шара қолдану мүмкіндігі бар. Оны Ольга Васильевна өзі шешеді. Айыптауды теріске шығарып жатырмыз. Қарулы Күштер жарғысы бойынша жауап берілді. Тиісті зерттеу өткізіліп, талдау шығарылады. Одан кейін өз жұмысымызды бастаймыз», – деп түсіндірді комитеттің баспасөз хатшысы Батыр Тұяқов.
Айта кетелік, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті — Армия орталық спорт клубы – халықаралық сыныптағы спортшыларды дайындау жүйесін жолға қойған ұйымдық-әдістемелік орталық. Бүгінде мұнда 20-дан астам спорт түрінен балалар-жасөспірімдер мектептері, орталықтары желісі жұмыс істеп келеді. Қазақстан құрама командаларының мүшелері әскери спорттың 200-ден астам түрінен Олимпиада ойындарының дайындық жұмыстарына араласады.