Астанада 10 жасар қызын ұрған анаға қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгін әлеуметтік желіде кішкентай қыздың басын мәшинеге соққан әйелдің видеосы тарады.
Әуелі әйел «Мама, мен жұмыс істеймін» деп шырқырап жылаған жалаңаяқ қызды сүйреп көлікке мінгізеді. Сосын көліктен шығарып, қыздың басын жанында тұрған көлікке соқты.
Осыған қатысты Астана қаласы бойынша бала құқығын қорғаушы омбудсмен Әсима Бимендина түсінік берді.
«Әлеуметтік желіні мониторингтеу кезінде беймәлім әйелдің кәмелетке толмаған қыз балаға қол жұмсағаны түсіп қалған видео табылды. Тексеруден кейін бұлар 52 жастағы әйел мен оның 10 жасар қызы екені белгілі болды. Оқиғаның себебі - қыз жаттығып жатқан жерінен үйіне кеткісі келмеген» делінген уәкіл ұсынған мәліметте.
Қалалық полиция департаментінің ақпаратына қарағанда бұл іс Алматы аудандық полиция бөлімінде Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 127-бабымен тіркелген.
Аталған бап аясында 10 немесе 15 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе бес тәулікке қамау жазасы қарастырылған.