Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Антикордан емес, Алладан қорыққаныңа рахмет!» – Хаменова жауабын өзгерткен куәгерге алғыс айтты

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін тараптардың жарыссөзі басталуы керек еді. Алайда сотталушы тараптың адвокаттары жарыссөз басталмай тұрып, айыпталушының бірі Ақылбек Рысқалиевтен жауап алуды сұрады, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. 

«Антикордан емес, Алладан қорыққаныңа рахмет!» – Хаменова жауабын өзгерткен куәгерге алғыс айтты
Фото: ашық дереккөз

Ақылбек Рысқалиев жауап алу кезінде бұған дейін берген түсініктемесін жоққа шығарды.

«Мен есеңгіреп, қатты күйзелісте болдым. Сол кезде Антикор қызметкерлерінің бірі келіп, бұл қаржыны облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға арналған деп жауап беру керек екенін айтты. Егер мен осылай көрсетсем, менің қорғалу құқығы бар куә болып қалатынымды түсіндірді. Бұл үшін жауапкершілікке тартылмайтынымды ескертті. Антикор қызметкерінің нақты кім екенін айта алмаймын, оларды танымаймын», - деді Рысқалиев.

Рысқалиев Өміртай Адамов («Балқыту» ЖШС директоры – Halyq Uni) екеуі арасындағы келісімнен Бақытгүл Хаменованың хабарсыз екенін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлеріне айтқанын жеткізді.

«Мені Хаменовамен қалай сөйлесу қажет екеніне дайындады. Мен Адамов, ақша туралы айтсам, Хаменова оны түсінбейтінін ескерттім. Ешқандай сезік тудырмайтындай етіп сөйлеп, ыммен сөйлесіп жеткізу қажет екенін айтты. Ең бастысы менің ақша алып келгенімді Хаменова түсінсін деді. Мені қалай дайындады, мен солай жеткіздім» - деді Рысқалиев.

Ол сондай-ақ бұған дейін неге басқаша жауап бергенін де түсіндірді.

«Мен осыған дейін көп ойландым. Осыған дейінгі әрекеттерді көріп қатты шаршадым. Басында бірінші берген жауабымды өзгеріссіз қалдырамын деп тырыстым. Мені сол дайындықтан өткізген Антикор қызметкерлері соңына дейін барсаң өзің үшін бәрі жақсы болады деп сендірді. Олар бәрінен босатыласың деді. Бірақ күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қорғау, қолдау әрекеттері жасалмағандықтан, қалай болғанын айтуға шешім қабылдадым», - деді ол.

Содан кейін Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова Ақылбек Рысқалиевке алғыс айтты.

«Не айтарымды білмей тұрмын. Пайғамбарымыздан «мұсылман қандай болады?» деп сұраған екен. «Мұсылман сараң бола ма?» десе, «иә, сараң болады» деген. «Мұсылман қорқақ бола ма?» деп сұрағанда, «иә, қорқақ болады» деп жауап берген. «Мұсылман өтірік айта ма?» дейді, «жоқ, өтірік айтпайды» дейді. Бүгін мұсылмандық танытқаныңызға, Антикордан емес, Алладан қорыққаныңызға рахмет! Он ай бойы сол тар қапасқа тықсаңыз да, бүгін шындығыңызды айтқаныңызға рахмет айтамын. Ерлік жасағаныңызға ризашылығымды айтамын», - деді Хаменова Рысқалиевке.