Елордалық оқушылар уақытша қашықтан оқиды

13-14 қазанда елордалық оқушылар қашықтан оқыту форматына уақытша көшеді. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі. 

Елордалық оқушылар уақытша қашықтан оқиды
Фото: ашық дереккөз

Басқарманың хабарлауынша, бұл күндері елордада мемлекет және Үкімет басшыларының қатысуымен халықаралық форумдар өтетін болғандықтан, қала жолдарының кейбір бөліктерінде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Мұндай тәжірибені көптеген елдер осы сияқты ірі шаралар өткізген кезде қолданады.

Оқушылар мен олардың ата-аналарына қолайлы болу үшін 13-14 қазанда қала мектептерінің бәрі меншік нысанына қарамастан, қашықтан оқыту форматына көше тұруы керек деген шешім қабылданды.

Әкімдік өкілдері оқушылар үшін сабақтың мұндай түрі таңсық емес екенін айтып отыр.

«Жалпы, қашықтан оқыту әдісі оқушыларға таңсық емес. Өйткені, қыста күн райы бұзылған кезде оқытудың осы форматы қолданылатын. Қала мектептері ондай сабақтар өткізуге қажетті компьютермен қамтамасыз етілгенін айта кету керек», - делінген хабарламада.