Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өзін қазақ тілін білмейді деп айыптаған басылымдарға жауап берді, деп жазады paryz.kz ақпараттық агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы министрліктің ресми сайтында хабарланды.
“Ranking.kz интернет-порталында, ал кейіннен Қазақстанның бірқатар басқа да БАҚ-тарында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мемлекеттік тілді білмейді деген шындыққа мүлдем жанаспайтын ақпарат таратылды. Бұл ретте көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланатынын назарыңызға саламыз.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Тамара Дүйсенованың ана тілі қазақ тілі екенін хабарлайды. Министр мемлекеттік тілді жетік меңгерген, ҚР Үкіметі мен Парламентінде үнемі қазақша сөз сөйлейді, БАҚ-тарда сұхбаттар пен түсініктемелерді қос тілде қатар береді.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы екінші бөлігіне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған жала жабу (яғни, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді тарату) 650 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға не 25 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Отандық БАҚ өкілдерінен тексерілген ақпаратты жариялауды, ал азаматтардан фейктерге назар аудармауды және ақпаратты тек ресми көздерден алуды сұраймыз.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 3 қазанында Ranking.kz интернет-порталында «Министры-полиглоты: 2 из 19 министров РК не владеют государственным языком, 7 из 19 – английским» атты материал жарияланды, онда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың ана тілін, яғни мемлекеттік тілді білмейтіні туралы жаңсақ ақпарат келтірілген.
Кейіннен бұл ақпарат Қазақстанның бірқатар БАҚ-тарында жарияланған болатын”, – делінген ресми хабарламада.