Театрдың жаңа зәулім ғимаратын Тоқаев емес, Назарбаев ашты

...Қалай десек те, бізде сол театрдағыдан гөрі, саясат сахнасындағы комедия мен трагедия көп ойналып жүр ғой...

Театрдың жаңа зәулім ғимаратын Тоқаев емес, Назарбаев ашты
фото: дереккөз

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына барды, деп хабарлады paryz.kz, Elbasy.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесуде елбасы астана көшкелі өзінің қазақ драма театрына қаладан жаңа зәулім ғимарат салып беруді ойластырғанын атап өтті.

"Бүгіннен бастап біз театрды ашық деп жариялаймыз. Оның құрылысына "Самұрық-Қазына" компаниясы арнайы қаражат бөлді. Мұнда барлық жағдай жасалған. Көрермендердің осы театрға қуана келетініне сенімдімін", – деді ол.

Ғимараттың жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Мұнда 635 орындық үлкен зал, 202 орындық камералық зал, арт-галерея, мейрамхана, салтанатты кездесулер залы орналасқан.

Жалпы, әлемде мұндай салтанатты рәсімдерді бұрынғы емес, қазіргі президенттер орындамаушы ма еді? Әлде, қазақ драма театрын әртістерге Назарбаев өз қалтасынан ақша шығарып салып берген бе?.. Қалай десек те, бізде сол театрдағыдан гөрі, саясат сахнасындағы комедия мен трагедия көп ойналып жүр ғой. Ал қарапайым бұқара үшін өз кейпін өзі сомдаған басты рөлдердің шебері – Нұрсұлтан Назарбаев!