Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қажыгелдин Тоқаевқа тағы месседж жолдады

Немістің аса беделді BILD таблойд-газетінің орыс қызметіне жауапты журналист Максим Курников Әкежан Қажыгелдиннен сұхбат алып, президент Тоқаевқа және алдағы сайлауға қатысты пікірін сұрапты.

Қажыгелдин Тоқаевқа тағы месседж жолдады
фото: nege.kz

«Мерзімінен бұрын президент сайлауы өтетітін білдім. Өйткені Қаңтар оқиғасы жоспардың бәрін өзгертіп жіберді. Енді президент Тоқаев өткен шақты түбегейлі кесіп тастамақ. Ол өзінің легитимділігін алғысы келеді. Билікті бір адамның қолынан алып, 2019 жылғы сайлауда да басқалар көмектескен президент болғысы келмейді.

Қазақстанда президенттер Конституцияны өзгерте береді. Онысы алғашқыда билікті нығайту сияқты көрінеді де, соңы билеп-төстеуге әкеп соғады. Бірақ Тоқаев олай істемейтініне сенгім келеді. Ол мүлдем басқа адам. Солай деп ойлаймын және сенемін.

Ал енді оның қазір сайлау өткізіп жатқаны тарихи бөлініс үшін ғана емес, ол жаз бойы Назарбаевпен, Дариғамен бірге болған және өткені үшін қорқатын реваншистерді тоқтатпақ», – дейді ол.

Бұдан әрі Ә.Қажыгелдин «реваншистердің» соңғы уақытта тым белсенді болып кеткенін, сондықтан да Тоқаевтың «дұрыс қадам жасағанын» және алдағы уақытта «реформалар пакетін ұсынуы мүмкін екенін» айтады.

Бұрынғы премьер-министрдің пікірінше, Қаңтар бүлігінен кейін тез шешілуге тиіс мәселелер үйіліп қалғаны соншалықты, қазір біз басқа адамды сайлау туралы емес, ол адамның не істей алатынын ойлауымыз керек.
«Сондықтан да мен өзімнің жақтастарыма сайлау науқанына қатысуды және Тоқаевтан сайлау науқанында өзінің бағдарламасын жариялауын талап етуті айттым. Ол нені реформалағысы келеді? Бәлкім, біз дұрыс әрі қызық нәрсе табармыз», – депті ол.

Қажыгелдиннің сұхбатынан екі нәрсені анық байқағандай болдық: біріншісі – алдағы президент сайлауында Қажыгелдин Тоқаевқа жақтасады.

Екіншісі – «Назарбаев пен оның айналасы елден ұрлап әкеткен қаржыны қалай қайтаруды менен артық ешкім білмейді, сондықтан менің көмегіме жүгінуге мәжбүрсіңдер» деген месседж.

Бізге жеткен дерек бойынша, Қажыгелдин ұрланған қаржыны қалай қайтаруға қатысты өзінің жоспарын әлдебір жолын тауып, Тоқаевқа жеткізген көрінеді. «Президент Қажыгелдинмен кеңесуді арнайы комиссия мүшелерінің біріне тапсырған» деген де сөз бар.

Әкежан Мағжанұлының соңғы сұхбаттарынан елге қайтқысы келетін емеурін байқалады. Ол қашқан қаржыны елге қайтару мәселесін және алдағы сайлау науқанын көзір етіп пайдаланғысы келетіндей.

Қажыгелдин Қазақстанға қандай мәртебеде оралады? Кейбіреулер гуілдетіп жүргендей президентке кеңесші бола ма, әлде саяси процестерге көлеңкеде жүріп қатыса ма? Бұл сұрақтың жауабын алдағы бір-екі айда білетін боламыз.

Өйткені алда үлкен саяси науқан келе жатыр...