Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қызымды «браттарға» тоқалдыққа берем: Діни-радикалды көзқарасты жақтаған еркек отбасын жәбірлеген

45 жастағы алматылық кәмелетке толмаған туған қызын діни-радикалды көзқарастың жақтастарына тоқалдыққа бермек болған. Бұл туралы өз отбасына зәбір көрсетіп келген отағасының жары айтты, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

Қызымды «браттарға» тоқалдыққа берем: Діни-радикалды көзқарасты жақтаған еркек отбасын жәбірлеген
Фото: видеодан скриншот

Өз аты тұрмақ, бет әлпетін жария етуден бас тартқан, тіпті қорыққан  орта жастағы әйел адам даусын да өзгертуді сұрады. Себебі бұған дейін ойын ашық жеткізген азаматқа қысым жасалған. Оған жұбайы тұрмыстық зорлық көрсетіп, адам төзгісіз әрекеттерге де барған көрінеді. Алматылық тұрғын мұның бәріне күйеуінің радикалдарға еріп кетуі себеп болған дейді. Намаз тұрмақ, осыған дейін, діннен хабары болмаған ер адам бір сәтте адам танымастай өзгеріп, жергілікті имамдардың сөзін жоққа шығара бастапты.

«Құран Хатым түсіргенде де дұрыс емес дейтін. Адам жерлегенде жылауға болмайды деген нәрсе айтатын болды. Көп жерге бармайтын. Туыстармен араластырмайтын. Олармен араласқаным үшін мені ұратын» – деді  қала тұрғыны

Жұбайының басы сәждеге алғаш тиген сәтте жақындары мұны қуанышқа жорыған. Алайда 2 жылда күрт өзгеріпті. Бейтаныс адамдармен араласып, екінші әйел алу туралы әңгімені жиі қозғайтын болған. Өз ұлын өлімші етіп сабап, туыстарын «кәпір» деп балағаттаған.  Ең сорақасы, өзінің 16 жастағы туған қызын достарына тоқалдыққа беремін деп айды аспанға шығарған. Осыдан кейін ажырасқан келіншек 4 жылдан бері 3 баласын жалғыз бағып отыр.

«Қызымды 16-ға толған кезде оқымайды, күйеуге беремін деді. Өзімнің достарымнан тауып беремін, братьялардың ішінен деді. Қызымды күйеуге беремін дегеннен кейін қатты ойлана бастадым», – деді қала тұрғыны.

Діни-радикалды көзқарастың жақтаушысынан бүгінде іргесін аулақ салған Ақмола облысының тұрғыны да осыған дейін жылдар бойы төзіп келген қорлықты жасырмай айтты. Сөзінше, отағасы келіншегіне адам санатында емес, мүлік ретінде қараған. Одан қалса, теріс діни ағымды насихаттаушылардың жазбасын оқып, оларды пір тұтқан.

«Білуімше, сәләфиттер адамдарды өз ағымына шақырады. "Біз саған тек жақсылық ойлаймыз, бұл - нағыз дін, сен бізге бауырсың, сені Алла разылығы үшін жақсы көреміз" дейді. Мұндай көркем сөздермен өзіне сенімсіз және діни сауаты жоқ адамдарды баурап алады. Жұбайымның 2 жоғары білімі бар. Ол теріс ағымға қалай еріп кетті? Әлі күнге дейін түсінбеймін», – деді тұрғын.  

Теологтың айтуынша, мұндай діни бағытта насихат жүргізетіндердің дені теріс ағымға үгіттейді. Түрлі аргументтер келтіріп адам санасын улайды. Оның астарында міндетті түрде өзіндік миссия жатыр.

«Интернет дамыған заманда Telegram, YouTube, тіпті Tiktok каналдарды шейхсымақтар, ұстазсымақтар пайдаланып жатыр. Мәселен, бұрын олар суретке, видеоға түсу харам деп, тек қажет жағдайға ғана рұқсат беретін. Фото-видеоға түспейтін. Қазіргі таңда өздері әлемжеліде жүр.Түрлі каналдар ашып, жұмыс істеп жатыр. 2004,2005,2006 жылдардағы идеологияның өте күшті болғаны соншалық, бүгінгі таңда әлі күнге дейін соның салдарымен күресіп жатырмыз», – деді  теолог Руслан Қайыргелді.