Депутат болуға "жанталасқан" журналистер

Әзірге  ЖСДП ғана кандидаттарының тізімін жарияламай отыр.

Депутат болуға "жанталасқан" журналистер
Фото: дереккөз

Қазақстан парламенті мәжілісі депутатына үміткерлер арасында журналистер аз емес. Олардың саны жиырмадан асады. Бес саяси партиядан 21 журналист халық қалаулысы болуға дәмелі. Бұл туралы paryz.kz malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Биліктегі «Nur Otan» партиясының кандидаттар тізмінде бір кезде “Хабар” агенттігін басқарған Даиға НАЗАРБАЕВА мен 1985-90 жылдры ҚазТАГ-та редактор болып еңбек еткен Дархан МЫҢБАЙ бар. Сондай-ақ, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек ӘШІМЖАН, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мақпал МЫСА, Uzyn.kz сайтының бас редакторы  Әлия ӘБСЕМЕТОВА, Артур ПЛАТОНОВ, Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН партиялық тізімге енген.

«Ақ жол» партиясы кезектен тыс XVI съезінде 32 кандидаттың тізімін жариялады. Олардың құрамында бір кезде Азаттық радиосында қызмет еткен Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ мен “Қазақ үні” газетінің редакторы Қазыбек ИСА бар екен.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы да қатарына журналистерді алып,  сайлауға түсетін кандидаттарының қатарына кіргізіпті. Олар: «Хабар» агенттігінен Зейін ӘЛІПБЕК, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен ҚУАТ, «Самұрық» журналының редакторы Дәулеткерей КӘПҰЛЫ.

Аты жаңарған «Адал» партиясының жаңа мүшелері журналистермен толығыпты. «Қазақстан» телеарнасының тележүргізушісі Мақсат ТОЛЫҚБАЙ мен Мұрат ҚОЖАМҚҰЛОВ депутаттыққа кандидаттар.

«Nur Otan» партиясынан кейін ең көп кандидат ұсынған «Қазақстан халық партиясы» депутат болуға ынталы 125 кандидаттың тізімін жариялады. Олардың қатарында БАҚ-ның айналасында жүрген жеті кандидат бар. Қанат МАХАНБЕТОВ («Коммунист казахстана» журналының бас редакторы), Ольга КАРТАШЕВА («Коммунист казахстана» журналының тілшісі), Самал ҚАБЫШЕВА (Атамекен телеарнасының тілшісі), Толқын ҚАБЫЛШАЕВА (Қызылорда облыстық арнасының шеф-редакторы), Сағындық РЗАХМЕТОВ (Ақтау ТВ телеарнасы директорының орынбасары),  Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ (Атырау-Акпарат ЖШС директорының кеңесшісі), Мақсат ЖАҚСЫБАЕВ (31 телеарнаның  Шымкент қаласындағы тілшісі).

Әзірге  ЖСДП ғана кандидаттарының тізімін жарияламай отыр. Олардың қатарында әріптестеріміз болса, депутат болғысы келетін журналистер тізімі тағы да ұзара түспек.