Қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың ісі «өте құпия» санатта жүргізілетіні жайлы ақпарат бұған дейін тараған болатын. Бұл дұрыс па? Іс ашық қаралған жағдайда халықтың немесе мемлекеттің мүддесіне қайшы келетін қандай да бір факторлар болуы мүмкін бе? Ulysmedia.kz тілшісінің осы сұрағына «Сот және журналист» вебинарында белгілі адвокат, заңгер Абзал Құспан жауап берді, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі.
«Меніңше, жыл соңына дейін Мәсімовтың ісіне байланысты тергеу аяқталады деген ойдамын. Ол менің сырткөз ретінде жеке пікірім. Бірақ оған қатысты мәліметтерді сұрата алмаймыз. Себебі Мәсімов пен оның айналасындағы лауазым иелеріне қатысты істер құпияландырылған», - деді Абзал Құспан.
Заңгер бұған дейін президент әкімшілігінде лауазымды қызмет атқарған Бағлан Майлыбаевтың да ісі құпия қаралғанын еске салды. Оның не үшін сотталғанын құзырлы органдар халыққа таратқан баспасөз хабарламалары арқылы ғана білген.
Абзал Құспан
«Бұл жерде де осындай болады. Мәсімовтың ісіне қатысты өздері қандай ақпарат таратады – соны ғана аласыздар. Ал басқа мәліметтер берілмейді. Іске қатысқан прокурор, тергеуші, адвокаттың барлығынан мәліметтерді жарияламау туралы қолхат алынады. Тек үкімді еститін боламыз», - деді ол.
Абзал Құспан кез келген қылмыстық істе тергеу құпиялылығын сақтау мақсатында «әзірге мәліметтер таратылмайды» деп, құзырлы органдар Қылмыстық-процестік кодекстегі 201 бапқа сілтеме жасайтынын айтады.
«Өйткені Қылмыстық-процестік кодексте грифтен бұрын 201 бап бар. Ол бап сонау совет үкіметі кезінен қалған. Оған салсақ, бізде кез келген қылмыстық іс құпия болып табылады. Енді осыны наурыз айында Парламентте сөйлеген сөзімде мен Бас прокуратураға осы мәселені сын ретінде айттым. «Біздің құқық қорғау органдары осы құпияландыру дегенге әбден отырып алып, советтен қалған баптан құтылатын уақыт жетті» дегенмін. АҚШ-та қара нәсілді азаматты ұстау барысында, ақ нәсілді денелі полиция қызметкері денесін басып ұстап тұрып, кісен салып жатқан кезде әлгі қара нәсілдінің сүйегі сынып, өліп кетеді. Осыған байланысты үлкен қоғамдық толқу болды. Оның қоғамдық талқыға түскені соншалық, оны біз Қазақстанда қазақ тілді фейсбукте талқылап отырдық. Сонау АҚШ-та болатын жағдай. Сонда қараңызшы, тергеу құпиясы деген жоқ. Бірінші сәттен бастап, істі ашық тергеліп қаралды. Қара нәсілділер көтеріліп, салдары үлкен болғандықтан, тергеу органдары тергеді. Бүкіл әлем көріп отырды», - деп мысал келтіреді адвокат.
Абзал Құспан алыстағы мемлекеттік мысалға келтіре келе Қазақстанда
қорадан қой ұрланған істің мәліметтерін тергеушіден алу қиын екенін атап өтті.
«Жалпы, құпиялылық, белгісіздік деген нәрсе неше түрлі өсек-аяңның өрбуіне себеп болады. Сол себепті бұны мейлінше, азайту керек. Басқа жағдайда біреу қыз баланы зорлаған болса, педофилия тіркелсе, ол жерде иә, құпиялылық сақталуы тиіс. Өйткені жәбірленушіге соттан кейін де өмір бар ғой. Ал жалпы істің құпиялылығын мейлінше азайту керек деген позициядамын. Ал дәл Мәсімовтерге қатысты шын екенін білмеймін, қандай жерде құпия барын-жоғын, керісінше, халыққа объективті ақпарат таратса, дәл осы Қаңтар жағдайында неғұрлым ашық болса, оның Жаңа Үкіметке, Жаңа Қазақстанға деген сенім де көбейген болар деп есептеймін. Мен жалпы көп тергеу істерінің құпиялануына қарсы адаммын заңгер ретінде», - деді Абзал Құспан.
Еске сала кетсек, Қаңтар оқиғаларынан кейін 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қамауға алынған болатын. Ол сол тұста «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен ұсталған. Тергеу амалдарына байланысты оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Мәсімов ұсталған соң алты айдан кейін оның інісі Нұрлан Мәсімовты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шекара қызметі Ресеймен шекараны жалған құжаттармен кесіп өту әрекеті кезінде ШҚО аумағында құрықтады.