Елордада жасалатын құрылғының бір өзі 9 миллион теңге шамасында. Оған Үкімет резервтен 13,5 миллиард теңгедей қаржы жұмсаған.
Қазақстанда шығарылған жасанды тыныс алу құрылғылары төңірегіндегі дау ушыға түсті. Сенаторлардың ізін ала, бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі де Индустрия министрлігіне қатысты ащы шындықты айтты, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Шенеуніктердің кешегі "ел ауруханаларына ИВЛ аппараттарды толықтай жеткіздік" дегені Даниал Ахметовтің шамына тиіп кеткен екен. Аймақ басшысы өңірде өкпені жасанды желдету аппараты бар, бірақ, ол қазақстандық емес деп сөзін нақтылады.
Аймақ басшысы Қазақстан мен Түркияның бірлескен зауытынан шығатын жасанды тыныс алу аппаратының атын білгенімен, затын көрмепті. Бірақ, облыс ауруханалары Швейцария, АҚШ және Жапониядан облыстың бюджетіне сатып алынған 153 қондырғыны пайдаланып жатыр екен. Ал отандық қондырғының шығыстағы емдеу мекемелеріне 100 данасы жеткізілуі тиіс.
"Мен сіздерді аздап таңғалдырайын. Біз қазақ-түріктің жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алған жоқпыз. Дегенмен, біз 100 өкпені жасанды желдету құрылғысын алуымыз керек. Бізге жетеді деп ойлаймын", - деді Даниал Ахметов.
ИВЛ аппараттарға қатысты шыр-пыр болып жүрген, тіпті, жұмыстан кетуге әзір болған Индустрия министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов кеше журналистерді жиып алып, өз шындығын айтып берген еді. Шенеунік елдегі 297 емдеу мекемесіне 1500 қондырғының қойылғанын, олардың бәрі қолдануға дайын екенін алға тартқан. Бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сөзін де министрлік ресми түрде жоққа шығарды.
"Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына және бекітілген техникалық сипаттамасына сәйкес, Қазақстанның 17 аймағындағы 297 ауруханаға 1500 дана «Biyovent» атауымен өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді. Оның 100-і Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелерге берілді. Бұған Денсаулық сақтау министрі А. Цойдың Үкімет басшысының орынбасары Е. Тоғжановқа 2020 жылдың 13 қарашасында жазған шығыс хаты дәлел", - деп мәлімдеді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Осылайша ақталған министрлік, сондай-ақ, "Biyovent" атауымен шығарылған қондырғыларды шығысқазақстандық дәрігерлердің коронавируспен ауырған науқастарды құтқаруға пайдаланып жатқанын да таратқан ақпараттарында жазыпты.
Еске сала кетсек, елордада жасалатын құрылғының бір өзі 9 миллион теңге шамасында. Оған Үкімет резервтен 13,5 миллиард теңгедей қаржы жұмсады. Ал бір терінің пұшпағын илеп жүрген шенеуніктер арасындағы даудың қалай шешілерін уақыт көрсетер.