Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Нығматулиндер Қазақстаннан кетіп қалған - адвокат

Түрмеге он жылын беріп, жуырда ғана бостандыққа шыққан кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков ағайынды Нығматулиндердің өзіне тиесілі мүлікті заңсыз иемденіп алғанын мәлімдеді. Сол себепті Нығматулиндер қылмыстық іс бойынша айыпталушыға айналған.

Нығматулиндер Қазақстаннан кетіп қалған - адвокат
фото: rast.kz

Мәжілістің бұрынғы төрағасы мен оның бауырының тергеушілердің назарына іліккенін Экспресс К тілшісіне астаналық адвокат Мәулен Әлімбаев растады. Істің қай бап бойынша қозғалғаны аталған жоқ, бірақ оның мүліктік қылмыстарға байланысты екенін айтылды.

Іс "рейдерлік әрекет" бабы бойынша қозғалуы мүмкін. Аталған бап бойынша бірден қылмыстық іс қозғалмайды. Тергеушілер басқа әрекеттерді сараптап, солардың жиынтығы бойынша ғана аталған баппен іс қозғайды,

— дейді заңгер.

Бұл мәселеге қатысты ескерер маңызды жайт: Әлімбаевтың айтуынша, Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндер әлдақашан Қазақстаннан кетіп қалған.

— Екеуі де Германияға ұшып кетті. Мәжілістің бұрынғы төрағасы қызметінен кеткеннен кейін біраз уақыт елде болған. Содан кейін чартермен шетел асып кетті, — дейді адвокат.

Нұрлан Нығматулин соңғы рет ел алдына ақпан айында шыққан болатын. Балаларымен киноға барған кезде блогерлердің бірімен кездейсоқ кездесіп қалып, өзінің Қазақстанда екенін айтқан еді. Содан кейін Нұрлан Нығматулин жайлы оның "елден шыға алмайтыны" ақпарат жарық көрген.

Ал Қуат Сұлтанбековке келер болсақ ол Ерлан Нығматулин Балқаштағы өзіне тиесілі демалыс аймағын тартып алғанын айтады. Содан кейін 2012 жылы кәсіпкер заңсыз қару-жарақ сақтағаны үшін айыпталып, үш жылға бас бостандығынан айырылады. Ізін ала оған қатысты тағы бірнеше қылмыстық іс қозғалып, Сұлтанбековке кесілген жаза мерзімі 21 жылға жеткен еді. Арада он жыл салып бизнесмен ақталып, бостандыққа шықты.

Экспресс К Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Нұрлан және Ерлан Нығматулиндерге қатысты қылмыстық істің қозғалғанын растау бойынша сауал жолдады.