Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Біздің шенеуніктер үнсіз қалды": Перуашев мемлекет атауын өзгерту туралы ұсыныс жасады

Аталған өзгерістерді тым соза берудің қауіптілігі сонда, бұл Украина, Беларусь пен Қырғыз еліндей мемлекеттік дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін.

"Біздің шенеуніктер үнсіз қалды": Перуашев мемлекет атауын өзгерту туралы ұсыныс жасады
Фото: ашық дереккөз

Бүгін "Ақ жол" демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында төраға Азат Перуашев Қазақ Республикасы атауын қайтаруды ұсынды, деп хабарлады Baq.kz.

"Биыл Алаш автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ Республикасына 100 жыл толды. Алдымен қателесіп Қырғыз автономиялық республикасы деп аталып, бес жылдан кейін Сұлтанбек Қожанұлы, Сәкен Сейфуллин, Жалау Мыңбайұлы және басқа да тұлғалардың арқасында республикамызға ұлтымыздың төл атауы қайтарылды. Былтыр «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметке бұл тарихи датаны ресми түрде атап өтуді және Қазақстан атымен қатар тоталитарлық Кеңес билігінің өзі мойындаған Қазақ Республикасы атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы Ш. Уәлиханов атындағы тарих институты қолдады. Бірақ біздің шенеуніктер үнсіз қалды. Сонда да біз тарихи бірлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды жөн деп санаймыз", - деді Азат Перуашев.

Ол сонымен қатар партияның бағдарламасындағы ең негізгі басымдық – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы деп отыр. 

"Мемлекет басқару ісіне қоғам жан-жақты араласып, оны бақылау керек. Елімізге әлеуметтік-экононмикалық салада, саяси жүйеге де түбегейлі өзгерістер қажет. Аталған өзгерістерді тым соза берудің қауіптілігі сонда, бұл Украина, Беларусь пен Қырғыз еліндей мемлекеттік дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін. Ал Тәуелсіздіктің ең басты кепілі – қару емес, өз мемлекетін сыйлайтын, бағалайтын азаматтық қоғам болуы керек. Сондықтан, қазіргі билік моделіне бір ғана балама бар. Ол – терең әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қабылдап, жүзеге асыру қажет. «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңа және әділ Қазақстанға апаратын өзгерістер бағдарламасын ұсынады. Сол бағдарламадағы басты басымдығымыз – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы", - дейді партия төрағасы.