Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Басқа партиялар уәделерін орындады ма?" - нұротандық шенеуніктердің жиынынан кейінгі ой

Осы орайда, ол "Ақжол" партиясының көбінесе "Нұр Отанмен" үндес бастамалар жасайтынын атап өтті. Ал олар жақында ғана Парламентте оппозиция институтын енгізуге "қуанған".

"Басқа партиялар уәделерін орындады ма?" - нұротандық шенеуніктердің жиынынан кейінгі ой
фото: inform.kz

Журналист Нұрғали Нұртай Facebook-тегі парақшасына бүгін Мәжілістегі "Nur Otan" партиясының фракциясы кеңейтілген отырысын өткізіп, партияның "Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық" атты сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы Үкіметтің есебін тыңдағанын жазды. Оның айтуынша, коммунистер мен ақжолдықтар да осыған ұқсас есеп беру жиынын өткізіп, өміршең идеяларын ортаға салуы тиіс, деп хабарлады paryz.kz.

"Егер бұл механизм жұмыс істеп, есеп сұралса, әлбетте жақсы. Үкімет басшысы партияның сайлау алдындағы міндеттемелері негізінен орындалғанын баяндап, біршама статистика келтірілген екен. Мысалы, мектептер мен балабақшалардың құрылысы ерекше бақылауда ұсталған, ал ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, авто және темір жолдарды, заманауи логистикалық жобаларды жаңғырту нәтижесінде, 559 мың жұмыс орны құрылған. 4 жыл ішінде 3 мыңнан астам мектепке дейінгі балалар мекемесі салынған. Үш ауысымды және апатты мектептерді азайту үшін 417 мектеп пайдалануға берілсе, биыл жыл ақырына дейін 56 мектеп салынбақ" деп жазды әріптесіміз.

Алайда, фракция жиында толық көлемде орындалмаған уәделерін де айтып, Үкіметтің өзін сынапты. Олар нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен, саны 250 адамнан асатын барлық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың ірі компанияларын жекешелендірудегі олқы жұмысына өкініп, "опық жеп" отыр екен.

"Қызығы, осы Парламентте формальді десек те басқа партиялар бар ғой. Олар да осы орынға жайғасу үшін халыққа уәделер берді. Олар орындады ма екен? Кеше ғана атауын ауыстырған Коммунистік партия болса, өзінің сайлауалды бағдарламасында қоршаған ортаны қорғау, жастарды тәрбиелеу, әлеуметтік мәселелерді шешу жоспарын алға тартқан. Елде АЭС салу туралы сөз болғанда, бұл партия ләм демеді. Жер мәселелері және мемлекеттік билік жүйесін демократияландыру, демократияны кеңейту, парламенттік типтегі мемлекет құру туралы уәделері де тікелей көтерілмеді", - дейді Нұрғали Нұртай.

Осы орайда, ол "Ақжол" партиясының көбінесе "Nur Otan"-мен үндес бастамалар жасайтынын атап өтті. Ал олар жақында ғана Парламентте оппозиция институтын енгізуге "қуанған". "Мүмкін осы жолы өткір, өміршең идеяларын халыққа таныстыратын шығар?" - деп ортаға сауал тастап аяқтаған журналист жазбасын.