Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Тоқаев ресейлік екпені Қазақстанда дайындауға құлшынып отыр

Бірақ, халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қарайды. Sputnik V екпесін алған кейбір еріктілерден коронавирус табылған.

Тоқаев ресейлік екпені Қазақстанда дайындауға құлшынып отыр
фото: РФПИ

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күреске қатысты өткен жиында елде ресейлік вакцинаны дайындайтын зауыт салу жоспары барын мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz, Ақорда сайтына сілтеме жасап.

"Ресей президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті", - деді ол.

Тоқаев "отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу – Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет" екенін де айтты.

"Мәселен, екі бірдей отандық вакцина келешегі зор әлемдік биоқұралдардың қатарына енгізіліп, қазіргі уақытта оларға клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр", - деді президент.

Алайда, ол қазақстандық қандай вакциналар сынақтан өтіп жатқанын ашып айтпады. Ал бұған дейін Қазақстандағы Дәрілер мен медициналық сараптау ұлттық орталығы "коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in®️ вакцинасының клиникалық зерттеуден өтіп жатқанын» хабарлаған болатын.

Жиында Тоқаев елде вирус жұқтырғандар өсе бастағанын айтып, билікке көктемдегідей локдаун жасамай, індеттің тарауын басуды тапсырды. Ол кейбір облыстағы вирус жұқтырғандардың санына күмән келтірді.

"Бірқатар облыстарда коронавирус жұқтырғандар жайлы деректерді жасыру анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені, ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ, бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен", - деді ол.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда қазір 121 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған, 40 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 2300-ден астам адам індеттен қайтыс болды. Бірақ кейбір сарапшылар биліктің статистикасына күмәнмен қарайды. Үкіметтің есебіне маусым-тамыз арасында анализі теріс, бірақ, клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққан және осы дерттен қайтыс болған мыңдаған адам енбей қалды. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырып қайтыс болған кейбір марқұмдардың өліміне басқа дерті себеп деп, статистикаға қоспады. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде 3 миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.

Бұған дейін Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып, екі вакцина - Sputnik V және "ЭпиВакКорона" екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Қазақстан мен Ресей Sputnik V-ны жеткізу туралы келісімге де келген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қарайды. Sputnik V екпесін алған кейбір еріктілерден коронавирус табылған.

Есесіне, америкалық Moderna компниясы сынақтан өтіп жатқан коронавирус вакцинасы Covid індетінен 94,5 пайыз қорғай алатынын көрсеткенін мәлімдеді. Ал Moderna екпесі – сынақтың үшінші кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен екінші вакцина.

9 қарашада америкалық Pfizer және германиялық BioNTech дайындап жатқан вакцина сынақтың үшінші кезеңінде вирустан 90 пайыз қорғай алатынын көрсеткен. Қазір әлемде он шақты вакцина сынақтың үшінші кезеңінде.