Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Петропавлда мемлекеттік қызметтегі заңгер аспаз болып кетті

Оның өмірлік ұстанымы – ешкімге тәуелді болмай, адал еңбекпен табыс табу.

Петропавлда мемлекеттік қызметтегі заңгер аспаз болып кетті
фото: дереккөз

Талғат Қасымов "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша 500 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, дайын тағам өнімдерін шығара бастады, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Талғат Қасымовтың жұмыс орны – ас үй. 33 жастағы жігіт тапсырыспен түшпара, мәнті, қырыққабатқа оралған турама ет секілді өнімдер жасайды. Ол бұған дейін 7 жыл халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеген. Заңгер. Таңертеңнен кешке дейін жұмыста болатын ол бір күні қызметінен кетіп, аспаздықты оқыды. Мемлекеттік бағдарлама аясында грант ұтып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір өз-өзіне бастық.

"Кез келген істі бастағанда өз-өзіңе қатаң шектеулер қоюың керек. Алғашқы 6 айдай ас үйде болдым. Ешқайда шықпадым. Аспаздық туралы кітаптар оқыдым, түрлі бейнесабақтар қарадым. Бәрі осылай басталды", - дейді Талғат.

Ол өнімдерін өзі дайындап, өзі жарнамалап, өзі жеткізеді. Бұл ісін жары Наталья қолдады. Екеуінің Алан, Саян есімді ұлдары бар. Биыл олар баспаналы болып, жаңа үйден екі бөлмелі пәтер сатып алды.

"Бұл әр адамның қолынан келеді. Ең бастысы – ынта. Ынта болса, бәрін де істеуге болады. Өз-өзіңді дамытып, жетістікке жеткің келе ме, алға! Жол ашық. Сонымен қатар отбасыңның қолдауы маңызды", - дейді Наталья Мұхамеджанова.

Талғаттың кәсіп бастағанына бір-ақ жыл болды. Оның өмірлік ұстанымы – ешкімге тәуелді болмай, адал еңбекпен табыс табу.