Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Жаман үйді қонағы билейді": саясаткер өзге ұлтты "қазақ" деп жазуға қарсы

"Мая Бекбаеваның ұсынысымен түбегейлі келіспеймін әрі табанды түрде қарсымын. Қазақ қазақ болуы тиіс. Қазақтың жақсылығы мен жамандығын айту мен сынау құқы, өзгерту және сақтау мүмкіндігі ғасырлар бойы тек біздің өзіміздің қолымызда болды. Солай болып қала беруі де тиіс!!!" - деді Алтай Абибуллаев.

"Жаман үйді қонағы билейді": саясаткер өзге ұлтты "қазақ" деп жазуға қарсы
фото: коллаж

Қазақстан халқы Ассаблеясы төрағасының жаңа орынбасары болып тағайындалған журналист Мая Бекбаева қазақстандықтарға өзінше жаңа ұсыныс жасап көріп еді. Оның айтуынша, басқа ұлт өкілдері төлқұжаттағы "ұлты" деген жолға өзін "қазақ" немесе "қазақстандық" деп көрсетуі тиіс екен. Ал онысына осы ел мен жердің иесі – ұлты қазақ азаматтар қарсы шығуда, деп жазды paryz.kz.

Бекбаеваның ондай ұсыныс жасауына ұлты дүнген тараздық педагогтің ҚХА кеңесінде айтқан сөзі себеп болыпты.

"Ұлты дүнген Тараздағы мектеп директоры елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері өздерін қазақ деп сезінетінін айтты. Сондықтан басқа ұлт өкілдері төлқұжат толтыру кезінде өз қалауымен ұлты деген жолда өзін қазақ немесе қазақстандық деп көрсетуін ұсынды. Мәселен, АҚШ-та тұратын әрбір адам өзін америкалық деп көрсетеді. Бұл ұсыныс сіздерге қалай?" деп видеосауалнама жасады орыстілді әріптесіміз.

Ал құрамындағы өзге ұлт өкілдерінің дені мемлекеттік тілде мінсіз сөйлеуге талпынып жүрген ҚХА төрағасының Ресей тілінде ғана сайрайтын су жаңа орынбасарының бұл ұсынысын жақтырмағандардың бірі – белгілі саясаткер Алтай Абибуллаев. Н. Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық дамуды дамыту орталығының өкілі Facebook-тегі парақшасына "Жаман үйді қонағы билейді" деген тәмсілді негізге ала отырып, өз қарсылығын білдірді.

"Мая Бекбаеваның ұсынысымен түбегейлі келіспеймін әрі табанды түрде қарсымын. Қазақ қазақ болуы тиіс. Қазақтың жақсылығы мен жамандығын айту мен сынау құқы, өзгерту және сақтау мүмкіндігі ғасырлар бойы тек біздің өзіміздің қолымызда болды. Солай болып қала беруі де тиіс!!!

Басқа ұлт өкілі мен де "қазақпын" деп біздің менталитетімізді, тілімізді, ғұрпымызды, дәстүрімізді, дүнүетанымызды, салтымызды, жақсы-жамандығымызға араласып, жағаласып, талап, ықпал етіп кету қаупін ескерген жөн. Ондай құқық тек қазақтардың өзінде ғана болуын талап етемін.

Өз тағдырымызды, болашағымызды бабаларымыз ғасырлар бойы аманат еткен бағытта таза сақтап, одан әрі дамытуымыз керек! "Жаман үйді қонағы билейді" деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған", - деп салды намысқа тырысқан шенеунік.

Ал оған риза болған желі қолданушылардың бірі Ербол Дәулетов: "Өте орынды айттыңыз! Сіздің азаматтық позицияңызға ризамын. Құрметті Алтеке, сізді осындай тұлғалы азамат деп қабылдаушы едім, қателеспеппін. Көптің ойын жеткізіп отырсыз", - деп "қол шапалақтады".

Жазбаға пікір білдірген тағы бір азамат Данияр Ұзақбай болса, қазақтың кемшін-мінін сынап, түзетуге өзге ұлт өкілдері тұрмақ, өзіміздің аса ниетті емес екенімізді алға тартып отыр.

"Бірақ, өкінішке орай, қазақ өзінің жамандығын айтпай, түземей, керісінше, ұлт ретінде деградацияланып бара жатқаны, жыл сайын едәуір қазақтілді қазақтар зайырлылықтан діншілдікке ауысып жатқаны, көне архаикалыққа бұрылғаны, білімді ары итеріп, ортағасырлық салт-дәстүрді, тобырлық принципті, трайбализмді алға шығарғаны, жыл сайын маргиналданып бара жатқаны – үлкен ұлттық трагедия", - деп түңілуде ол.

Дегенмен, Мая Бекбаеваның ойсыз-қамсыз отырып, жеңіл-желпі сөз ретінде айта салған ол ұсынысы мемлекет құраушы ұлт ретінде әлі де намыс-жігері өше қоймаған жерлестерімізге әжептәуір ой салды деп қабылдауға болатындай-ақ.