Инфляцияны төмендетуге бағытталған шаралар кешені нәтиже бермеді, деп хабарлайды Paryz.kz «Хабар 24».
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов осылай деді. Ол ұлттық экономика министрлігіне инфляцияны есептеу әдістемесін өзгертуді ұсынды. Өйткені қазіргі экономиканың құбылуы бірінші кезекте қарапайым халыққа салмақ салып тұр. Ал инфляцияның төмендейтін түрі жоқ.
Дептутат бағаны ұстап тұрудың орнына азаматтарға көмек беру керек деген пікірде. Ол да жөн шығар. Қазақстандықтар табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайды. Жалпы әлемде азық-түлік құны рекордтық деңгейде қымбаттаған.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 38 елде инфляция шамамен 9 процентке өскен. Ал Украинадағы әскери қақтығыс салдарынан барлық мемлекетте баға аспандап кетті. Мысалы, Германия, Ұлыбритания және АҚШ-тағы көрсеткіш соңғы 40 жылдан асып түсті. Бүкіләлемдік банк те жаһандық инфляцияның шарықтау шегі шілдеге келуі мүмкін дейді.