Ауруды жасырған арам өледі – Депутат бюджет бойынша Үкіметтегі отырыс туралы

Елде бюджет үш емес, бір жылға жоспарлануы мүмкін. Мұндай ұсынысты есеп комитетінің басшысы айтты. Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебі тыңдалды. Бірақ келтірілген мәліметке бәрінің бірдей көңілі толмады деп хабарлайды Paryz.kz  "Хабар 24".kz сілтеме жасап.

  Республикалық бюджеттің атқарылуы жөнінде алдымен үкімет басшының орынбасары-қаржы министрі есеп берді. Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, былтыр ішкі өнім 4 процентке өскен. Экономиканың барлық негізгі саласында оң нәтиже бар. Бірақ өңірлер орталыққа қарап отыр. Жұмыс істеу үшін қазынадан қаржы сұрайды. Енді аймақтардың қаржылық дербестігі нығайтылмақ. Реформа болады.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

  Біз Есеп комитетінің республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы қаржы ағындарын барынша азайту жөніндегі ұсынысымен келісеміз. Өңірлердің бюджеттік дербестігін нығайту үшін қосымша салық түсімдерін әкімдіктерге беру жолымен бюджетаралық қатынастарды реформалау жүзеге асырылатын болады.  Үкімет атынан есеп берген Жамаубаев былтырғы республикалық бюджет орындалды деді. Дегенмен, инфляция бағынбай барады. 8,4%. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9% деді вице-премьер. Депутаттар шын мәнінде жұмыссыздар саны бұдан көп деп отыр.

Динар Нөкетаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

 Есеп комитетінің ақпаратына сүйенсек, бұл 15 пайызға жетеді, бұл бейресми мәлімет бойынша. Ал ресми мәлімет 4,9 пайыз жұмыссыздық. Енді 2-3 айға ағар емес, тұрақты жұмыс орындарын ашу туралы айттық. Қазынаны толтырып отырған шикізат. Өңдеу өнеркәсібінен қайыр болмай тұр. Депутат Дархан Мыңбай осылай деді. Мәжілісмен индустрияландыруды сынады. Бағдарламаның үшінші бес жылдығының 2 жылы өтті. Бірақ қайтарымы аз. Сосын кеп, Ұлттық қорға қол саламыз.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 Әлихан Асханұлы, неліктен осы уақытқа дейін мемлекеттің индустриялы-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудың нәтижелері бюджеттің кіріс бөлігінде тиісті дәрежеде көрсетілмей келеді? Біз ұлғаяды деп күтіп отырған өндірістік сектордың қайтарымы қайда? Шынында біз Ұлттық қордың қаражатын, болашақ ұрпақтың несібесін құлшына жұмсай бастадық.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

 Индустриялы-инновациядық бағдарлама ол негізінде маңызды бағдарлама. 2010 жылдан бастап іске асырылып келе жатыр. Осы уақыттың ішінде 1700 мыңға жуық жоба іске асырылды. 150 мыңнан астам тұрақты жұмыс орыны құрылды. Осының нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі экономикамызда 11-ден 14 процентке дейін ұлғайды. Жалпы мемлекеттік бюджеттің түсімдері өсуде. Мысалы, республикалық бюджеттің өз түсімі былтыр 12 процентке өссе, биыл 40 процентке өсіп отыр. Соның нәтижесінде келесі жылы біз Ұлттық қордан алатын кепілдендірілген трасферттерді 2 есе қысқартатын боламыз. Депутаттар «экономиканы оңалтпай, оң нәтижеге жету мүмкін емес» деп отыр. Сондықтан қайткенде де экономикалық реформа керек.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

 Қазір біз азық-түлік инфляциясын көбіне импортпен байланыстырамыз. Бірақ бұл әрдайым бұлай емес. Мысалы, біздің басты дақылымыз бидайдан бастап, көптеген біздің шикізатымыздың, азық-түлік өнімдердің өзіндік бағасы біздің көршілерге қарағанда жоғары. Неге бұлай? Өйткені бізде аграрлық ғылым тиісті деңгейде дамымай жатыр. Мысалы, соңғы 15 жылда Ресейде жаздық бидайдың өнімділігі 30 пайызға өскен 15 жылдың ішінде, бізде тек қана 15 пайызға өскен. Яғни біз екі есе қалып отырмыз. Экономиканы дамытамыз десек бизнесті қолдау керек. Бұл орайда мемлекет кәсіпкерлерге «істеме демейді». Қайта демейді. Салықтық жеңілдіктер мен несие береді. Енді жеңілдікпен несие бергенше, екінші деңгейлі банктердің мөлшерлемесін, соның ішінде ұзақ мерзімді кредит бойынша мөлшерлемені субсидиялаған жөн. Есеп комитетінің төрайымы осындай бастама көтерді. Годунованың және бір ұсынысы – бюджетті бір жылға жоспарлау керек.

Наталья Годунова, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:

 Бұл жүйеге биыл да келер жылы көшіп үлгермейміз. Әзірге бұл менің ұсынысым ғана. Қазір оны үкімет талқылауы керек. Қазіргі құбылмалы жағдайды ескеріп, біз жоғарғы аудит органы ретінде 1 жылдық бюжет арқылы тиімсіз жоспарлауды анағұрлым азайтамыз ба деп ойлаймыз. Екі жарым сағаттан артық уақытқа созылған отырыстың соңында былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі қабылданды. Сенаттан қатысқан 45 депутаттың бәрі қолдады. Ал жиында болған 98 мәжілісменнің 12-сі есепті қабылдау кезінде қалыс қалды.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 Жаңа Қазақстан деп отырмыз ғой. Жаңа Қазақстан біз өзіміздің шынайы көзқарасымызды жасырмай айтуымыз керек. Бүгін 12 адам болса, ертең одан да көбейетін шығар. Мәжілістің отырысында 12 адам емес, одан көп болған. Яғни адамдардың ішінде нағыз шындықты біз шындықты, өзімізден өзіміз ауруымызды жасырмауымыз керек. Ауруын жасырған арам өледі дейді. Бізде кемшілік бар ма, соны жөндейік. Одан тығылып дауыс бергеннің орнына. Бүгін 12 болса, одан кейін 24, одан кейін 50 боламыз. Ең соңында экономикамыз жөнделеді.  Бастысы, қазынаның әр теңгесін мақсатты игермек керек. Іске ұқсата білу маңызды.

Бюджет қаражаты тиімді жұмсалуы үшін 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқару концепциясы қабылданбақ.