Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Ресейге жерімізді жалға берсек те, халқымызды жалға берген жоқпыз!" - депутат

Оның айтуынша, бұл сұрақ екі елдің арасындағы үкіметаралық комиссия шеңберінде бірнеше рет көтерілгенімен, шешімі осы кезге дейін табылмай келеді. 

"Ресейге жерімізді жалға берсек те, халқымызды жалға берген жоқпыз!" - депутат
Фото: ашық дереккөз

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Байқоңыр қаласындағы қазақстандық стандартпен білім беретін балабақшалар мен мектептердің тапшылығына байланысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады деп хабарлады baq.kz.

"Байқоңыр қаласында қазір 77 мыңнан аса халық тұрады. 70 пайызы Қазақстан азаматтары. 1995 жылдан бастап Қазақстан – Ресей Үкіметі арасында Байқоңыр космодромына байланысты 20-дан астам келісім ратификацияланып, құқықтық актілерге кол қойылды. Соған қарамастан, Байқоңырда тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының әлі де болса шешімін таппай отырған мәселелері жеткілікті екендігіне назар аударғанды жөн санадық", - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Оның айтуынша, ең бастысы, Байқоңыр қаласындағы қазақстандық стандартпен білім беретін балабақшалар мен мектептердің тапшылығы болып отыр.

"2015 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметаралық комиссиясының шешімімен Ресейге қарасты 5 мектеп пен 1 балабақша ғана еліміздің юрисдикциясына алынып, балаларға қазақстандық стандартпен қазақ тілінде білім алуына мүмкіндік жасалды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қосымша екі балабақша ашылып, қызмет көрсетуде. Дегенмен қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалардың бүгінгі жағдайы алаңдатып отыр. Өйткені бұл балабақшаларда ана тілінде тәрбие беру және толыққанды мектепалды даярлықтан өткізуде кемшіліктер бар. Соған орай қазіргі уақытта ата-аналарды өз балаларының алдағы уақытта қазақ мектептерінде білім алуы үшін толыққанды мектепалды даярлықтан өтулері қанағаттандырмай келеді", - дейді депутат.

Оның айтуынша, тұрғындар Байқоңыр қаласының орталық тұрғын үй мөлтек аудандарында орналасқан Ресей Федерациясының меншігіндегі, толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақшаның бірнешеуін Қазақстанның юрисдикциясына алу керек деп санайды екен. 

"Бұл - қала тұрғындары үшін  өзекті проблеманың бірі.  Қазіргі жағдай бойынша Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде білім беретін 5 қазақ мектебінде бүгінгі күні 5 236 бала білім алса, Ресейлік 7 мектепте 4049 бала білім алады, соның 1 508-і, яғни 37 пайызы еліміздің азаматтарының балалары. Байқоңыр қаласының тұрғындарымен кездесу кезінде ресейлік орыс мектептерінде оқитын балалардың да Қазақстан тарихын, оның тілі мен әдебиетін, мәдениетін меңгерген, ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіріп өскен ұлтжанды азамат болып тәрбиеленуі үшін қазақстандық стандартпен орыс тілінде білім беретін мектеп ашуға деген сұраныстың жоғары екендігі байқалды. Сол себептен, сыйымдылығы толық пайдаланылмай тұрған Ресей Федерациясына қарасты 7 мектептің, болмағанда біреуін Қазақстанның меншігіне алып, орыс тілінде білім беретін мектеп ретінде ашуды өтініш етіп айтқан болатын", - дейді сенатор.

Оның айтуынша, бұл сұрақ екі елдің арасындағы үкіметаралық комиссия шеңберінде бірнеше рет көтерілгенімен, шешімі осы кезге дейін табылмай келеді. 

"Бұл жағдай, ресейлік мектепте оқитын балалардың мектеп бітіргеннен соң ҰБТ-ға қатынасып, қазақстандық ЖОО-ға түсуіне көп кедергі келтіруде. Өйткені емтихан тапсыратын міндетті пәндер, атап айтқанда: «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» ресейлік мектептерде оқытылмайды. Олар Қазақстан аумағында туып-өскенімен, өз жерінде тұрып, өз елінде білім алғандарымен «менің Отаным – Россия, менің астанам – Москва» деп, Россияның арғы-бергі тарихын, тілі мен әдебиетін оқып, әрине, ресейлік патриотизм рухында тәрбиеленеді. Айта өтуіміз керек, біз жерімізді жалға бергенімізбен, сол жерде тұрып жатқан халқымызды жалға берген жоқпыз ғой", - дейді Мұрат Бақтиярұлы.