Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

ҚР Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабының алғашқы отырысы өтті

Кәсіподақтар федерациясының жанынан ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумды қолдау мақсатында барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы аймақтық қоғамдық штабтардың жұмысын үйлестіретін Республикалық штаб өз жұмысын бастады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабының алғашқы отырысы өтті

Бүгін ҚРКФ Республикалық штабының жетекшісі, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің жетекшілігімен Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы аймақтық штабтарының Үйлестіру кеңестерінің отырысы өтті. 

Онлайн форматта өткен отырыста республикалық референдум мақсаты мен алдағы заңнамалық өзгерістерді түсіндіру іс-шаралары талқыланды.

Кеңес отырысын ашқан Нұрлан Өтешев кәсіподақтар үшін аталған заңнамалық өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, Конституцияға енгізілетін  өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнымен таныстырды.

Қазақстан Конституциясының 33 бабына түзетулер енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидасына негізделген қоғамдық-саяси маңызы бар қадам. Сонымен қатар, Конституциялық реформаның нәтижесінде биліктің заң шығарушы тармағы елеулі өзгерістерге ұшырамақ. Мәселен, Президент өкілеттігі қысқарып, Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артады.

«Жалпы, біз Негізгі Заңға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар әрбір азаматтың негізгі құқықтары мен кепілдіктерін, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қорғауға бағытталғанын нақты түсінуіміз тиіс. Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады деген сенімдеміз. Осы себепті, біз кәсіподақ мүшелерін лайықты өмір сүру және еліміздің әлеуетін арттыру үшін, әр еңбеккер өз құқығын қорғай алуы үшін алдағы референдумға белсенді қатысуға шақыруымыз тиіс», - деп атап өтті республикалық штаб жетекшісі.

Отырыс барысында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев аймақта кәсіподақтардың өңірлік штабы құрылып, 9 мүше бекітілгені туралы айтып өтті. «ҚРКФ Атқару комитетінің Үндеуі жарияланған уақыттан бастап өңірлік жоспар бекітіліп, штаб жұмысы жүргізіліп келеді. Оның ішінде, әлеуметтік желілерде кәсіподақ мүшелерінің пікірлері жариялануда», - деп атап өтті Ерік Нұрақаев.

Сөз кезегін алған Шығыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов облыстық штаб бекіткен жоспарға сәйкес жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның ішінде, Заң клиникасы аясында қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп отырғанына тоқталды.

Құрылыс кешені және тұрғын-үй шаруашылығы салалық кәсіподағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Яков Швец Кәсіподақтар федерациясының Үндеуі дұрыс уақытта жарияланғанын атап өтті. «Көпшілік дауыспен қабылданатын оң өзгерістер, оның ішінде, өлім жазасының болмауы, конституциялық соттың күшіне енуі, Президенттің өкілеттілігінің біраз бөлігін Парламентке жүктейтіні көңіл қуантарлық», - деді салалық кәсіподақ төрағасы.

Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова референдум жеке тұлғаның емес, халықтың пікірін айқындайтынын жеткізді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерін бұл реформалардың маңыздылығын түсіне отырып, референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Ал Шымкент қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қазақстандық қоғам үлкен ауқымды саяси өзгерістер алдында тұрғанын айтты. «Конституциялық реформа дегеніміз – қоғамның сұранысы мен ұсынысына негізделген саяси өзгерістер бағдарламасын жүзеге асыру. Қолданыстағы Конституция 98 баптан тұрса, рефендум барысында 31 бапқа түзету енгізіліп, 2 жаңа баппен толықтырылды», - деді кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық білім саласы кәсіподағының төрайымы Лариса Тургенбаева референдумның еліміздің тарихындағы айтулы оқиға екенін айтып өтті. Сондай-ақ, елдегі педагогтер, оның ішінде Шымкент қаласының ұстаздар қауымы аталған референдумның маңыздылығын ұғына отырып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосатынын атап өтті.

Конференция соңында Республикалық штабтың жетекшісі Нұрлан Өтешев әр қазақстандық «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып», азаматтық ұстанымдарын таныту арқылы алдағы референдумға белсене қатысатынына ниет білдірді.

 

ҚРКФ медиаорталығы