Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Мәжіліс төрағасы: "Әрбір мәселенің артында адамдардың тұрмысы мен тағдыры тұр"

Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары барысында тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қарау нәтижелері бойынша Үкіметтің ақпаратын тыңдады.

Мәжіліс төрағасы: "Әрбір мәселенің артында адамдардың тұрмысы мен тағдыры тұр"
Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметі

Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған бірқатар Үкімет мүшелері арнайы келді.

Отырыста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы  депутаттардың  өңірлердегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуын күшейту жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.

Депутаттар ақпан айында еліміздің барлық өңіріне барып, сайлаушылармен мазмұнды кездесулер өткізді. Онда тұрғындар тарапынан бірқатар проблемалар көтеріліп, өтініштер қабылданды. Соның бәрін жинақтап, бір ай бұрын Үкіметке жолдаған болатынбыз. Міне, бүгін осы мәселелердің шешілуі туралы Үкіметтің ақпаратын тыңдайын деп отырмыз, - деді Ерлан Қошанов.

Депутаттар еліміздің барлық өңіріне барып, сайлаушылармен 1600-ге жуық кездесу өткізді. Олар түрлі әлеуметтік нысандарда, кәсіпорындар мен базарларда, шалғай елді мекендерде болып, еңбек ұжымдарының  проблемаларымен танысты. Барлығы мыңнан астам мәселе жинақталып, Үкіметке жіберілді. Соның ішінде азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттауы, ауыз сумен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектеп құрылысы, жол жөндеу, интернет сапасын жақсарту мәселелері бар.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, проблемалардың бәрі нақты әрі жүйелі түрде шешілуге тиіс. Олар депутаттардың жіті бақылауында болады.

Әрбір мәселенің артында адамдардың тұрмысы мен тағдыры тұр. Осыны әр депутат, министр мен жергілікті билік өкілдері терең түсінуге тиіс. Қазір еліміз үлкен өзгерістердің алдында тұр. Президент ірі саяси реформалар жариялады. Ол реформалар қарқынды жүзеге аса бастады. Ал біз – Парламент, Үкімет, жергілікті билік, бәріміз бір кісідей жұмылып, қоғамда қордаланған мәселелерді шешуде жедел әрекет етуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда біз Мемлекет басшысының қарқынына ілесе білуіміз керек, – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ Палата спикері Парламент пен Үкіметтің мәселелерді шешу бойынша жаңа форматтағы жұмысы алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтты.

Дереккөз: Мәжілістің Баспасөз қызметі