Баталов Ұйғыр ауданының атын өзгертуге әлі ерте екенін айтты

Ол бұл мәселенің күн тәртібінде жоқ екенін айтып, себебін түсіндіріп отыр.

Баталов Ұйғыр ауданының атын өзгертуге әлі ерте екенін айтты
фото: minber.kz

Алматы облысында Ұйғыр ауданының атауы қазақшалансын деген халықтың талабы әзір орындалмайды. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов Нұр-Сұлтанда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz.

Осыдан 4 ай бұрын Ұйғыр ауданында 20-25 жастағы жігіттердің арасында төбелес болып, халық бір көтерілген-тұғын. Сол кезде Амандық Баталов дереу Ұйғыр ауданына барып, елді мекеннің халқымен тілдесіп, олардың талабын тыңдады. Жұрт сол кезде ауданның атын өзгертуді сұраған. Әкім бұл мәселені жоғары жаққа жеткізетінін айтып, тұрғындарға уәде берген.

Енді Баталов бұл мәселенің күн тәртібінде жоқ екенін айтып, себебін түсіндіріп отыр.

"Қазір науқан кезі басталайын деп жатыр. Оның алдында біз сайлаушылардың тізімін нақтыладық. Сайлау уческелерін дайындадық. Сол үшін, анау көшелердің атын өзгерту деген мәселе де көтерілді. Қазірігі кезде ондай жұмыстар істеуге, сайлаушылардың тұратын жерінің атын өзгертуге болмайды. Соның бәрі өткен соң, бұл мәселеге қайта келеміз. Сосын нақты шешімін сіздерге жеткіземіз", - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.