Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Тоқаевтың тапсырмасын орындамаған шенеуніктерді жазалау ұсынылды

Депутаттың айтуынша, президенттің тапсырмасы бюрократиялық сөзбұйдаға салынып отыр. Бүгінде мыңдаған кәсіпкер банкрот болуға жақын.

Тоқаевтың тапсырмасын орындамаған шенеуніктерді жазалау ұсынылды
фото: ашық дереккөз

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев мемлекет басшысының биылғы Жолдауында пандемиядан зардап шеккен салаларда шағын және орта бизнестің барлық кредитін жылдық 6 процентке дейін мемлекеттік субсидиялауды тапсырғанын еске салды. Президент осы мақсатта қосымша 200 миллиард теңге бөлініп отырғанын айтқан. Ал субсидиялау бағдарламасы 800 миллиардқа дейін ұлғайып отыр, деп хабарлады paryz.kz, Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

"Жолдау жарияланған күннен бері екі ай өтті. Алайда, "Ақжол" партиясына арызданып жатқан кәсіпкерлер әлі күнге дейін бірде-бір аймақта кредиттерді қайта қаржыландыру басталмағанын айтып отыр. Банктердің көбісі өтініштерді қабылдағанда бас кеңседен таспырма түспегенін айтады. Ал өтініштер қабылданған жерде еш өзгеріс жоқ", - деді Азат Перуашев.

Депутаттың айтуынша, президенттің тапсырмасы бюрократиялық сөзбұйдаға салынып отыр. Бүгінде мыңдаған кәсіпкер банкрот болуға жақын. Ал оларды құтқаруға бөлінген миллиардтар жай жатыр.

"Осыған байланысты біз Үкіметтен, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінен шұғыл түрде зардап шеккен шағын және орта бизнестің кредиттерін 6 процентпен қайта қаржыландыруды сұраймыз. Сондай-ақ, президенттің тапсырмасын дер кезінде орындамаған лауазымды тұлғаларды анықтап, жауапқа тартуды талап етеміз", - деп атап өтті Перуашев.

Осы орайда, мәжілісмен "Атамекен" палатасының мәліметін де жариялады. Оған сәйкес, биыл пандемия мен шектеу шаралары салдарынан 1 миллионнан астам кәсіпкер зардап шеккен. 430 мыңнан астамы өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.