Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Депутаттар Парламенттің инклюзивтілігін арттыру үшін жаңа нормалар ұсынды

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Нұрлан Әбдіровтің Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалуына байланысты Сенаттың жаңа вице-спикерін сайлау туралы мәселені қарады, деп хабарлайды Paryz.kz, «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Депутаттар Парламенттің инклюзивтілігін арттыру үшін жаңа нормалар ұсынды
Суреттің дереккөзі: https://24.kz

Сонымен қатар, отырыс кезінде депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Құжаттарға енгізілген нормаларға сәйкес Мәжілістің депутаттық мандаты үшін 30 пайыздық квота берілетін санаттар қатарына әйелдер мен жастардан бөлек, мүгедектігі бар адамдар да қосылады. Сондай-ақ аталған заң жобаларында «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделген.

«Бұл құжаттар әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін Мәжілістегі депутаттық мандаттардың кемінде 30 пайызына кепілдік береді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды депутаттық корпусқа қосу Парламенттің инклюзивтілігін арттыра түседі. Сондай-ақ осы санаттағы адамдарды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді жұмылдыруға да ықпал етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау барысында Сенат депутаттары заң жобаларындағы жаңа нормаларды тұжырымдамалық тұрғыдан қолдай отырып, Конституциялық заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынды және оны Мәжіліске қайтарды. Отырыста сенаторлар өзекті мәселелерге қатысты депутаттық сауалдар да жолдады. Нариман Төреғалиев өндірісте жарақат алудың жоғары деңгейіне алаңдаушылық білдірді. Ал Еділ Мамытбеков «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қайта қарау немесе оны ел экономикасының дамуына тұсау болып отырған шығынға жатқызу қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде Ғұмар Дүйсембаев еліміздің батысында шетелдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Мұрат Бақтиярұлы жалған статистикадан арылу қажеттігіне назар аударды және заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау мәселесіне баса мән беру керектігін айтты. Сергей Карплюк аймақтардағы өмір сүру жағдайын теңестіру бойынша жүргізіліп жатқан өңірлік саясатты қайта қараудың маңыздылығына тоқталды. Ол қазіргі таңда өңіраралық теңсіздік Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі екенін тілге тиек етті. Өз сауалында Андрей Лукин атыс қаруының айналымына қатысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл шараларын ұсынды. Ал Сергей Ершов ел Президентінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қайта құру қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында отандық заңдарды пысықтаудың маңызды екенін сөз етті.