Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз!": Нығматулин Экология министріне шүйлікті

"Шіркін, осы норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді", - деп кекетті Мәжіліс төрағасы.

"Кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз!": Нығматулин Экология министріне шүйлікті
фото: parlam.kz

Норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе, тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министріне осылай шүйлікті, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Мағзұм Мырзағалиев төменгі палатаға Экология кодексін таныстыруға келген. Депутаттар құжатты "жерден алып, жерге салды". Құжат депутаттарға ғана емес, шаруаларға да жақпайды. Әсіресе, малшылардың "өкпесі қара қазандай". Өйткені, заң күшіне енсе, олар әр үш ай сайын облыс орталығына барып, әр малы үшін есеп беріп отыруы керек. Төрт түліктің қоршаған ортаға тигізген залалы туралы декларация тапсырады. Талап орындалмаса, онда шаруа әкімшілік жауапқа тартылады. 200-ден астам үй құсы мен 30 шақты мал өсіріп отырған Манарбек Құшәлиев бұл заңды "ақылға симайды" дейді.

"Бізден орталық өте алыста. Ертең бәрі сол 3-4 тауығын, он шақты қазын тіркететін болса, әкімдікке барып, қанша жол, уақыт алады? Менің басыма тіпті кіріп те шықпайды, не қылған зиян табиғатқа деген?" - деп ашынды ол.

Мағзұм Мырзағалиев болса, "Жаңа құжат қоршаған ортаны жақсартады" дегенді айтып отыр. Қалай? Оны, депутаттар түсіне алмады.

"Шын мәнінде, заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде, бұл норманы жазған адам ауылда болды ма, жоқ па деп ойлайсың. Шіркін, осы норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза?" - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

"Дайынбыз", - деген министрге: "Жақсы, кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз!" - деді спикер. Алайда, Мағзұм Мырзағалиев "экологиялық кодекстің тиімді тұстары басым" дегенінен қайтар емес. Мысалға, бюджетке түскен экологиялық төлемдер бұдан былай тек табиғатты қорғау мақсатына ғана жұмсалмақ. Осының арқасында аймақтарда экологиялық проблемалар шешіледі деген үміт бар. Кодекс ауаны ластап отырған зауыт-фабрикаларды да сабасына түсіру тиіс. Құжат Мәжілістің "батасын алса", қоршаған ортаға залал келтірген кәсіпорындар бірнеше есеге жоғары айыппұл төлейді-міс.