Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"Өз сөзіңе жауап бере аласың ба?": Бекболат Тілеуханның күйеу баласы тұрғынға қоқан-лоққы жасады

Не болып кетті өзі?! Мәжілістің төрінде отырып алып, Бекболат Тілеухан өзіне қарсы келген адамдарды намазында қарғап-сілейтін тізім жасайды, сондай-ақ, оның қала басқарып отырған күйеу баласы шағымын айтқан тұрғынға қоқан-лоққы жасайды. Жан жақтарын "қырып-жойып" барады ғой, түге!

"Өз сөзіңе жауап бере аласың ба?": Бекболат Тілеуханның күйеу баласы тұрғынға қоқан-лоққы жасады
фото: dalainform.kz

Өскемен қаласының тұрғыны әкім Жақсылық Омардың жұмысын сынға алды. Ал оған Бекболат Тілеуханның туған күйеу баласы болып табылатын әкім "Өз сөзіңе жауап бере аласың ба?" деп доқ көрсетіп, дүрсе қоя берген, деп жазды paryz.kz.

Қала басшысының осы бір диалогынан скриншот жасап алған желі қолданушы Александра Осипова оны Instagram-дағы парақшасына жариялап жіберді.

Жөндеу көрмеген көшеде "толарсақтан саз кешіп жүрген" тұрғындардың бірі әкімге: "Әр жолы бұл көлшіктерден балалармен бірге киікше қарғып жүреміз" деп базынасын жазған. Осы орайда, Жақсылық Омардың жауабы әлгіндей болыпты. "Өз сөзіңе жауап бере аласың ба?" дегеніңіз – шенеуніктің халқына таза қоқан-лоққы жасауы ғой енді!

Қазір әкім сол әрекетін жуып-шайып, ақталуға көшкен.

"Кеше әлеуметтік желіде мені жеке, біржақты бағалау пайда болды. Ешқандай дерек-дәйекке емес, тек эмоцияларға негізделген. Осы уақытта қала басшысы ретінде мені "екіжүзді" деп айыптауды қорлау деп санаймын. Әрине, мұндай дәлелсіз және ар-намысымды қорлайтын шабуылдарды тиісті реакциясыз қалдыра алмаймын. Мен ол адамға жеке басымды қорлағаны үшін жауапкершілік туралы хабарлағанымда, ол мұны өз іс-әрекеттерінде ҚР заңнамасының талаптарын ұстануға шақыру емес, жеке қатер ретінде негізсіз қабылдады", - дейді ол.

Сонымен қатар, Жақсылық Омар "дәлелді, негізделген шағымдарды тыңдауға әрқашан дайын екенін" айтып шыр-пыр етіп отыр. "Тек эмоциялардан туындаған жеке қорлауға жол бермеймін" деп қояды тағы. Бұнысы мемлекеттік қызметкер этикасын емес, "Өз сөзіне жауап бере алмаса, көрсетем!" - деген көше бұзақысының ұрда-жық тірлігін елестетеді екен, иә?

Қазір желі қолданушылар да әкімге "сен"деп жауап бере отырып, халықтан бұрын өзін-өзі басқаруды үйренуі керектігін ескертуде.

"Әкім – саяси лауазым, мемлекеттің тұлғасы. Егер адам өзін-өзі басқара алмаса, онда оған мұндай лауазымдарды атқаруға әлі ерте. Өзіне және сеніп тапсырылған аймағына жұмыс істеуі керек. Сонда ғана қалың жұртшылық пен Мемлекет басшысының, Үкіметтің мойындауына ие боласың", – делінген жазбалардың бірінде.

Не болып кетті өзі?! Мәжілістің төрінде отырып алып, Бекболат Тілеухан өзіне қарсы келген адамдарды намазында қарғап-сілейтін тізім жасайды, сондай-ақ, оның қала басқарып отырған күйеу баласы шағымын айтқан тұрғынға қоқан-лоққы жасайды. Жан жақтарын "қырып-жойып" барады ғой, түге! Отбасылық одыраңдау ел ағаларына тән әдет болып кеткен бе, қалай?..